• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:10

Кинематография: ілгерілеу мен кешенді іс

20 рет
көрсетілді

Биыл экранға 6 киножоба, соның ішінде анимациялық және деректі фильм шығады. Алдағы жылы – 2024 жылы іріктелген 12 жоба аяқталады. Бұл туралы кеше Қазмедиа орталығында Қазақстан киноиндустриясының дамуына арналған брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті кинематография басқармасының жетекшісі Ғани Мұратов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кинематография саласында ауқымды жұмыстар басталды. «Қазақфильм» киностудиясын нығайту және конкурс өткізу жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында заңнама жетілдіріліп, он жылдық даму стратегиясы әзірленіп жатыр. 2024 жылы ұлттық фильмдерді мемле­кет­тік қаржыландырудың тиімді­лігін, ашықтығын және рентабельділігін қамтамасыз ету үшін киножобаларды конкурстық іріктеу тәсілдері өзгертілді. Жыл басында Кино орталығы басым тақырыптарды жариялап – оның ішінде отансүйгіштікке, адамгершілікке, руханият пен мәдениетке тәрбиелейтін тарихи фильмдерге басымдық беріледі. Сараптамалық кеңес енді ойын, анимациялық, деректі және хроникалық фильмдер бойынша жеке секциялар түрінде жұмыс істейді. Конкурс екі кезеңнен тұрады, құжат тапсыру рәсімі жеңілдетілді», деді кинематография басқармасының басшысы.

Брифингте Ғани Мұратов прокат және дистрибуция мәселесіне де тоқталды.

«Өндірісі аяқталып, прокатқа арналған 54 көркем фильмнің 34-і экранға шықты. 2024 жылдың өзінде 5 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, жыл соңына дейін тағы 10 фильм көрерменге жол тартады. Бүгінде 2025 жылға арналған жаңа конкурс жарияланды. Мемлекеттік қолдау бірінші кезекте коммерциялық табысқа емес, фильмдердің сапасы мен әлеуметтік-ағартушылық миссиясына бағытталған. Басым бағыттарға жас режиссерлерді (қысқаметражды фильм­дерге дейін), авторлық және деректі киноны, сондай-ақ анимацияны қолдау кіреді», деді ол.

«Қазақфильм» киностудиясы мәлі­метінше, 2024 жылы «Қазақфильм» кейінгі 7 жылда алғаш рет өзін-өзі ақтай­тын ұйымға айналған. 15 жылдан бері алғаш рет киностудияда демеушілер есебі­нен косметикалық жөндеу жұмыс­тары басталыпты. Сонымен қатар кино­студия фильмдерді дистрибуциялау және көбейту, Алтын қордағы фильм­дерді цифр­лық реставрациялау, шетелде Қазақ киносы күндерін өткізу,  «Қазақ­ани­­мация» шығармашылық бірлес­тігінің жұмысын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қолдау алады. Былтыр киностудияға 903,2 млн теңге бөлінсе, биыл 926,7 млн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ спикер «Қазақ анимация» бөлімінің Астанаға көшуіне байланыс­ты да пікір білдірді. «Бәріміз білетін­дей, инновациялық технологияларды енгізу және креативті жобаларды қар­жы­ландыру үдерістері елордада белсен­ді жүріп жатыр. Астанада жыл сайын ТМД елдерінің гик-мәдениет фести­валі – «Comic Con» өтеді, Креатив индус­т­рия­лар қоры ашылмақ. Сондай-ақ, елор­дада «Хабар», «Қазақстан», балалар мен жасөспірімдерге арналған жалғыз мем­лекеттік арна – «Балапан» сияқты ірі телеарналар орналасқан. «Қазақ ани­мация» осы инфрақұрылым мен ресурстарды тиімді пайдаланып, анимация саласын дамытуға тиіс», дейді Ғани Мұратов.

«Қазақфильм» Ұлттық киностудия­сы президентінің міндетін уақытша атқарушы Айдар Омаров мекеменің ағымдық жұмыстары жөнінде баяндады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталы­ғының басқарма төрағасы Құрман­бек Жұмағали сценарий қабыл­дау­дағы байқау барысына, өткізілу тәртібіне, әділетсіздік жібермеуге тырысып бағатыны туралы айтты. Ол тұрғыда жұмыс мейлінше жеңілдетілген және алалау жоқ көрінеді.

«Жиі талқыланатын мәселе – қазақ киносы қашан дамиды деген сұрақ. Бәрімізді алаңдататын мәселе. Статис­тикаға көз жүгіртсек, 2019 жылдан бері министрлік пен Кино орталығының қолдауымен 117 жоба жүзеге асты. Оның 55-і – толықметражды фильм. Сол 55 фильмнің 40-ы бүгінге дейін прокатқа шықты. Бірақ көрермен сол киноны тамашалады ма, жоқ па – бұл басқа әңгіме. Мысалы, өткен жылы түсірілімі 2019 жылы басталған үш ірі жоба экранға шықты. Олар – «Қажымұқан», «Жаңа дәуір», «Ахмет. Соңғы күн». Бұл – ауқымды жобалар. Мұндай картиналар – ұлтқа қызмет ететін, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететін туындылар. Сондықтан бұл фильмдерге бөлінетін қаражатты инвестиция емес, мемлекеттік грант ретінде ұсынамыз. Яғни «неге ақша қайтпай жатыр?» деп сұрамаймыз. Кино түсірілгеннен кейін біз сол компанияға лицензиялық құқық береміз. Олар сол құқықпен фестивальдарға қатысады, прокатқа шығарады. Ал прокаттағы табыстың 80 пайызы сол компанияның еншісіне тиесілі болады. Бұл дегеніміз — мемлекет кино түсіруге ақша бөледі, бірақ одан қайтарым талап етпейді деген сөз. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік емес пе?», деді Құрманбек Жұмағали.