Міне, тағы бір оқу жылы мәресіне жетті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 оқу жылын еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтап жатыр. Олардың ішінде 217 мың оқушы мектеппен қоштасып, түлек атанды. 23 мамыр – ресми түрде барлық мектеп үшін соңғы оқу күні болып бекітілген. Осы күні республика көлемінде бірыңғай форматта «Білімім – Отаныма» атты сынып сағаты ұйымдастырылды. Айтулы күнде біз Астана қаласындағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясына арнайы барып, соңғы оқу күніне қатысып қайттық.
Мерекелік көңіл көңіл күй мектеп ауласына кірген сәтте-ақ сезілді. Әрі қарай сыныпта өткізілген бірыңғай сынып сағаттарына қатысып, оқушылармен тілдестік. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін ұйымдастырылған тәрбие сағаты «Білімім – Отаныма» атты ортақ тақырып аясында өтті. Сынып сағаты барысында оқушыларға отаншылдық рухты оятатын, білім мен еңбекке деген құрметті дәріптейтін баяндама жасалып, қызықты ойындар өкізілді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері елге қызмет ету, адалдық пен жауапкершілік сынды асыл құндылықтарды оқушыларға жете түсіндірді. Іс-шара барысында «Біртұтас тәрбие» жобасының аясында оқушылар арасында өткізілген эссе байқауының жеңімпаздары анықталып, үздік деп танылған оқушылар марапатқа ие болды.
«Бүгін, міне, оқу жылының қорытындысын «Білімім – Отаныма» сынып сағатымен түйіндедік. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдылық беріп, түрлі форматта өткіздік. Өткен аптадан бері басталған эссе байқауының нәтижесін шығарып, үздік жазылған жұмыстарды марапаттадық. Оқушыларға танымдық кітаптар мен фильмдердің тізімі беріліп, демалыс кезін тиімді өткізу ұсынылды. Қауіпсіздік шаралары бойынша да алдын ала жұмыстар жүргізіліп, бейнематериалдар көрсетілді», деді Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Кашаева.
Мектеппен қоштасу – әр жасөспірімнің өміріндегі үлкен белес. Бұл күн – балалықтың артта қалып, болашаққа қадам басар сәті. Сол сәтте жүректі қобалжу мен толқу, қуаныш пен қимастық қатар баурайды. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының биылғы түлегі Мықтыбек Ілияс та дәл осындай сезімді бастан өткеріп отыр. «Міне, өзімнің мектептегі өмірімен қоштасар сәтке де жеттім. Жалпы, бұл жыл да жылдағыдай ерекше өтті. Сыныптастарыммен бірге өткізген әрбір сәт – мен үшін өте қымбат. Оқу жылының аяқталуына байланысты мектебімізде барлық сыныпта «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаты өтті. Бұл ашық сабақта бізге ең алдымен адал болудың маңыздылығы, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдықпен елге қызмет ету туралы тағылымды ойлар айтылды. Тәрбие сағаты бізге үлкен өмірге қадам басар алдындағы жауапкершілікті тереңірек сезіндірді. Алда үлкен арманым бар. Қазақ ұлттық Өнер университетіне түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алғым келеді. Ұстаздарыма алғысым шексіз. Мектебімнің арқасында Абайдың шығармашылығымен танысып, 45 қара сөзін жаттадым. Қазір осы Абай шығармалары – менің рухани азығым», дейді І. Мықтыбек.
Сонымен қатар сынып сағатына Астана қалалық әдістемелік орталығының маманы Гүлзира Әлиакбарқызы арнайы қатысып, оқу жылын үздік аяқтаған бірқатар оқушыларға грамоталар табыстады. Осылайша, оқушылардың бір жыл бойғы еңбегі мен жетістіктері бағаланды. «Білім болашақтың бастауы. Жыл бойы өткізілген барлық сынып сағаты тек тәрбие емес, оқушының тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Әрбір сағатта біз оқушылардың бойына құндылықтарды сіңіріп, өмірлік бағыт бердік. Енді осы білім мен тәрбиені жазда ой елегінен өткізіп, келесі жылға жаңа мақсатпен оралса, нағыз жетістік осы», деді Г.Әлиакбарқызы.
Биылғы оқу жылын аяқтап білім жолындағы тағы бір белесті бағындырған оқушылар естелік фотоға түсіп, мектебімен қимай қоштасып барады. Алда – жазғы демалыс пен жаңа мақсат. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін – үлкен өмірге бастар алғашқы қадам.