• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Медицина Кеше

Репродуктивті денсаулық апталығы барысында қандай ұсыныстар айтылды?

20 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен 12-16 мамыр аралығында өткен Республикалық Репродуктивті денсаулық апталығының қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті.

Бұл науқан Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың – БҰҰ Халық қоныстануы қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), ЮНЕСКО - және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде КАПМ, Saulyq LIFE, YPEER және басқалардың қолдауымен жүзеге асырылды.

Бес күн бойы еліміздің барлық өңірінде біріздендірілген ақпараттық-ағартушылық кампания жүргізілді. Әр күнге жекелеген тақырып арналды: отбасын жоспарлаудан бастап, жасөспірімдерге арналған репродуктивті білім беру, АПВ, ЖЖБИ алдын алу және ерлер денсаулығын сақтау мәселелеріне дейін.

Дөңгелек үстел барысында Апталықтың қорытындылары шығарылып, репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге арналған ұсыныстар айтылды. Бұл – болашақ ұрпақтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Кампания серіктестерінің ұсыныстары мен ұсынымдарын жинауға ерекше көңіл бөлінді. Бұл материалдар жинақталып, Ұлттық комиссия отырысында ұсынылады.

Кампанияның негізгі нәтижелері: 20 мыңнан астам іс-шара өткізілді (2024 жылмен салыстырғанда 2 есе көп); жалпы қамтылу – шамамен 500 мың адам, оның ішінде 240 мыңнан астамы – жасөспірімдер мен жастар; 80 мыңға жуық тегін кеңес берілді, 8,4 мыңнан астам ЖЖБИ және АИТВ-ға тестілеу жүргізілді; әлеуметтік желілерде 359 мыңнан астам жазба жарияланды, БАҚ-та 1,5 мыңнан астам материал жарық көрді; ақпараттық бейнероликтер еліміз бойынша 627 LED-экранда көрсетілді.

Апталықтың әр күні нақты тақырыпқа арналды – отбасын жоспарлау, жасөспірімдердің репродуктивті сауатын арттыру, АПВ, ЖЖБИ алдын алу және ерлер денсаулығы. Мұндай тәсіл мақсатты топтармен жүйелі, бағытталған әрі салалар арасындағы үйлесімді коммуникацияны орнатуға мүмкіндік берді.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова төраға атынан сөйлеп, бастамаға үлес қосқан барлық серіктестер мен қатысушыларға алғысын білдірді:

- «Репродуктивті денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыру – бір реттік акция емес, тұрақтылықты, үйлестіруді және жан-жақты қатысуды талап ететін стратегиялық міндет. Осындай бастамалар күштерімізді біріктіруге, үздік тәжірибелерді кеңінен енгізуге және қоғамдағы мінез-құлық пен көзқарасты нақты өзгертуге жол ашады», – деді ол.

Талқылауға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шакихзат Халықова, Ұлттық комиссия мүшелері, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, халықаралық ұйымдар, зерттеу және сарапшылық қауымдастық қатысты.