Бүгін еліміздің барлық мектебінде бір мезгілде «Білімім - Отаныма» бірыңғай сынып сағаты өтті. 2024-2025 оқу жылын сала министрі қорытындылады, деп жазады Egemen.kz.
Президент бастамасымен елімізде бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіш - 257 жаңа мектеп ашылған. Қазақстан оқушылары халықаралық білім додаларында 362 медаль иеленген, оның 41-і - алтын медаль.
«Ел тарихында алғаш рет колледж студенттерінен құралған Қазақстанның Ұлттық құрамасы Францияда өткен 47-ші WorldSkills чемпионатында зор табысқа жетіп, 7 медальон иеленді. Мұның барлығы отандық білім беру жүйесіндегі жүйелі реформалар мен қажырлы еңбектің нақты жемісі», деді Оқу-ағарту министрі.
Министр биыл білім беру саласында алғаш рет бірден екі педагог - Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғанын ерекше атап өтті.
Осы жылдағы маңызды бастамалардың бірі балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің нығая түсуі. Мемлекет балалардың білім, тәрбие алуына, дамуына және оларды қорғауға бағытталған үш негізгі заң қабылдады. Сондай-ақ министр барлық ата-аналға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты. 217 мың мектеп бітіруші мен 173 мың колледж түлегіне жарқын болашақ тілеп, барша шәкіртті оқу жылының аяқталуымен құттықтады.