• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 09:50

Теңіз жағасындағы тебіреніс

30 рет
көрсетілді

Теңіз жаяу әскері бригадасының саптық алаңына әскери бөлім­дер­дің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғы­сының жауынгерлері, қоғам­дық ұйымдардың өкілдері және 2 мыңнан аса сарбаздың ата-аналары мен жақындары жиналды.

Іс-шара Жауынгерлік тудың шыға­рылуы және Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен ашылды.

«Бүгін – біз үшін ерекше күн. Өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерінде ант қабылдау рәсімі өтіп жатыр. Бұл – Қарулы күштерге қабылданған әрбір аза­маттың қасиетті серті. Бұл күн сіз­дердің жадыларыңызда мәңгі сақталады деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, әскери қызметте сәттілік тілеймін», деді «Батыс» өңірлік қолбас­шылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов.

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар қызметтің келесі кезеңіне – кіші мамандарды даярлау бағдарламасымен қарқынды жауынгерлік оқуға кіріседі. Алты айдан соң олар артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш сынды әскери мамандықтарды меңгеріп, тәжірибелі жауынгерлер қатарына қосылады. Жас сарбаздар еліміздің тоғыз өңірінен ша­­қыртылған.

Ата-аналардың ұлдарымен кездесуі ерекше әсерлі болды. Жас сарбаздың анасы Фарида Жанова өз қуанышымен бөлісті:

«Мен Оралдан келдім, ұлымды қатты сағындым, бір ай көрмедік. Ол есейіп, шымыр болыпты. Командирлерге үлкен алғыс айтамын. Балаларымыз антына адал болып, қызметтерін абыроймен атқарсын», деді ол.

Ресми бөлім аяқталған соң, жас сар­баздар саптық дайындық, қоян-қол­тық ұрыстан, көзді жұмып автоматты бөлшектеп-жинаудан машықтарын көрсетті. Барлау бөлімшелері тұтқын­дарды босату, қару қолдану және жақын ұрыстағы шеберліктерін паш етті.

Қонақтарға әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, әскери бөлім командирлерімен кездесу өтті. Іс-шара соңында сарбаздар алғашқы сейілдемелерін алып, оны жақындарымен бірге өткізді.

 

Маңғыстау облысы