• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 17:30

Осакаров ауданында жел электр станциясы салынып жатыр

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі электр станциясындағы жаңартылған қуат көздерін 30 пайызға арттыру жоспарланған еді. Соның негізінде Қарағанды облысында  бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың бірегейі – Осакаров ауданындағы электр станциясы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осакаров кентінде «Гиперборея» ЖШС құны 42,6 миллиард теңге тұратын жел электр станциясын орнатып жатыр. Ауданда жалпы құны 301 миллиард теңге тұратын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар: «Гиперборея» ЖШС салатын, қуаттылығы 150 МВт жел электр станциясы, Қытай мен Қазақстанның біріккен «Алтын Алқап Крг» ЖШС салатын кірпіш зауыты және Қытай мен Қазақстанның біріккен «North wind park» ЖШС салатын, қуаттылығы 500 МВт жел паркі. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін жер телімі берілді.

Қуаты 150 МВт құрайтын жаңа жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа станция әрбір номинал қуаты 7,7 МВт болатын 21 жел энергетикалық қондырғысынан тұрады. Бұдан бөлек, оған қосалқы станция, соған сәйкес инфрақұрылым салынып, сондай-ақ электр жеткізу желілері тартылып жатыр. Станцияның құрылысына әлемдік жел турбиналарын өндіруші жетекші компаниялардың бірі – германиялық «Siemens AG» компаниясының электр жабдығы пайдаланылды.

Жаңа ЖЭС өндірістік сипаттамаларынан бөлек, жоба өзінің экологиялық құрылымы тұрғысынан өңір үшін маңызды. Электр станциясын салу және оны іске қосу газ бен көмір шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.Мұнымен қоса, Қытай өндірісінің электрлі турбиналары құрылыс кәдесіне қолданылып жатыр. Станция басшылығының айтуынша, жел мен күннен энергия көзін алудан Қытай көш бастап тұрған көрінеді. Сол себепті, қытайлық әріптестерімен байланыс орнатып, солар ұсынған жабдықтарды қолданып отырған көрінеді. Сәйкесінше, сапасы озық өнеркәсіп орнының кепілдігін алыпты. Ал, неміс фирмасының жабдығы жиырма жыл үздіксіз қызмет көрсетіп беретіндеріне сенімді.

«Жасыл энергетика көмір отынынсыз, газсыз әрі қауіпсіз тоқ көзі. Біз жалпы станцияның құрылысын қыс түскенше ақтаймыз деп отырмыз. Негізгі мерзіміміз келесі жылдың көктеміне дейін. Қазірдің өзінде 7 жел энергетикалық қондырғысын орнаттық. Жалпы қойылатын қондырғы саны – 21-ді құрайды. Айта кеткеніміз абзал, бұл алаң Еуропадағы теңдессіз жел станциясына айналады. Өйткені, инновациялық ең озық жабдықтарды пайдаланып жатырмыз. Жүйе толық автоматтандырылады. Желге компьютердегі оператор мониторинг жүргізеді. Қазір 150 адамға жұмыс беріп отырмыз», – дейді«Гиперборея» ЖШС техника жөніндегі директоры Дмитрий Силантьев.

Электр нысаны іске қосылған соң 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Осы секілді Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Жобалар пысықталып жатыр.

Қысқасы, жел энергиясы ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі. Жалпы, ел аумағында жел ресурстары кең таралған. Сондықтан жел энергиясын пайдалану көмір және газ электр станциялары өндіретін электр энергиясын тасымалдау құнымен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан тиімді екенін айтады энергетика мамандары.

Қарағанды облысы