Үкімет Жамбыл облысының Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 319,5 млн теңге бөлді, деп жазады Egemen.kz.
Нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілгенде күніне 45 адамға медициналық көмек көрсетуге қауқарлы болады.
Бағдарлама бойынша өңірде 30 нысан құрылысы жоспарланған, оның 28-і пайдалануға берілген, қалған екеуі биыл тапсырылады. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық жоба шеңберінде Қазақстанда 655 жаңа мекеме – медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарлануда. Қазіргі уақытта 468 нысанда жұмыс аяқталған.
Айта кетейік, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерін салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қор есебінен де жүзеге асырылады.