Былтыр еліміздегі халықаралық қауымдастықтардың іскерлік іс-шаралар сегментіндегі қызмет экспортының жалпы көлемі 4,6 млн долларды құрады. Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) жаңа жаһандық рейтингіне сәйкес еліміз халықаралық MICE іс-шараларына қатысуы жағынан кезекті рет Орталық Азиядағы көшбасшы атанып, Еуропаның топ-35 елінің қатарына енді.
Әлемдік іскерлік ортаның назары ауды
Өткен жылы еліміз іскерлік форматтағы 14 халықаралық іс-шараны қабылдады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 3 800-ге жуық делегат қатысты. Бір қатысушының елімізде жұмсаған орташа қаржысы 1 240 долларды құрады. Бұл көрсеткіштер еліміздің жаһандық рейтингте екі сатыға көтерілуіне, өткізілген іс-шаралар саны бойынша 134 елдің ішінде 78-орынды иеленуіне мүмкіндік берді. ICCA рейтингінде тек тұрақты өтетін, кемінде 50 қатысушыны жинайтын және үш немесе одан да көп ел арасында ауысып ұйымдастырылатын халықаралық қауымдастықтардың іс-шаралары есепке алынады. Былтырғы әлемдік қалалар рейтингісіне еліміздің екі қаласы кірді. Алматы 9 іскерлік іс-шара өткізіп, 251 позицияны иеленді, Астана 5 іс-шарамен 367-орынға жайғасты. Еліміздің іскерлік туризмін дамытуда «MICE-туризм елшісі» бағдарламасы маңызды рөл атқарады. 2021 жылдан бастап «Kazakh Tourism» 40 елшіні тағайындады. Олар елімізді іскерлік туризм орталығы ретінде ілгерілетуге және маңызды халықаралық іс-шараларды тартуға қолғабыс етеді.
«Конгрестік-іскерлік туризмді дамыту – бұл қысқамерзімді экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар жаһандық диалог, салалық ынтымақтастық және тұрақты өсу алаңы ретінде мемлекетіміздің ұзақмерзімді имиджіне құйылған инвестиция. «Kazakh Tourism» мен елшілердің бірлескен күш-жігері арқылы елімізде кейінгі бес жылда 13 мыңға жуық шетелдік делегаттың қатысуымен 51 ірі халықаралық іс-шара сәтті өтті. Ел экономикасына қосылған жалпы үлес орта есеппен 17 млн долларды құрады. Бұл шетелдік делегаттардың жалпы шығындарынан қалыптасады және ғимараттарды жалға алу және қонақүйде тұру ғана емес, көлік пайдалану, тамақтану және басқа да қызметтерді сатып алуды қамтиды», дейді «Kazakh Tourism» басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Іскерлік іс-шаралар күнтізбесіндегі кезекті маңызды оқиға – осы жылдың 18-22 тамыз аралығында Астанада өтетін IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі. Кітапхана ісі саласындағы ең ірі бұл іс-шара әлемнің 130-дан аса елінен келетін 4 мыңға жуық делегатты біріктіреді. Бұл еліміздің іскерлік туризм үшін перспективалық алаң ретіндегі халықаралық мәртебесі артқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі жиындарда сөйлеген сөзінде туризм, имидж мәселесін жиі айтады. Жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналып, жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келе жатқанын жеткізді.
Орталық Азияға бірыңғай туристік кеңістік не үшін қажет?
Жақында еліміз әлемдік туристік картадағы Орталық Азияның орнын күшейтіп, өңірлік туризмді ілгерілету бойынша мемлекетаралық кеңсе құруды ұсынды. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттырып, ауқымды трансшекаралық туристік өнімдер қалыптастыруға және туристер ағынын ұлғайтуға жол ашады. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы тиімді мемлекетаралық әріптестіктің қажетті қадамдары жайлы құжат дайындады. Онда ресурстарды біріктірумен қатар, ортақ туристік кеңістік құру ұсынылған. Бұл саяхатшыларға бір сапарда бірнеше елдің мәдениетін, тарихын және табиғатын тануға мүмкіндік береді.
«Біз бәсекелесе отырып, ынтымақтасуымыз керек. Алыс шетелден келетін әрбір екінші турист, кем дегенде, бір сапарда екі мемлекетті көргісі келеді. Орталық Азия өңіріне бағытталған ең танымал турлар «FiveStans» деп аталады. Бұл маршрут біздің негізгі туристік өнімімізге айналуы керек», деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Орталық Азиядағы бірыңғай туристік кеңістік аясында бірлескен бағыттар құру, көлік байланыстарын дамыту, қызмет көрсету сапасының ортақ стандарттарын әзірлеу, шетелдік қонақтарға визалық және шекаралық рәсімдерді жеңілдету мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Өңір елдерінің аумағынан өтетін Ұлы Жібек жолы бойымен туристік бағытты қайта жандандыру көшбасшы жобалардың біріне айналуы мүмкін. Өткен жылы осы бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Jibek joly» халықаралық теміржол туры – ынтымақтастықтың бір үлгісі. Трансшекаралық бағыт тек өңір елдерінен емес, шет елдерден де саяхатшылардың назарын аударды. Солтүстік Еуропадағы «Visit Scandinavia», Латын Америкасындағы «Mundo Maya», Балқан түбегіндегі «Via Dinarica» тәрізді басқа өңірлік бастамалар туристер үшін әкімшілік шекаралар емес, әсер мен тәжірибе маңызды екенін дәлелдейді.
Бізде туризм кластерін жан-жақты дамытудың ресурстары баршылық. Бірақ бұл сала керемет жолға түсті деп айтуға әлі ерте. Дегенмен туризмді дамытуға мемлекеттік деңгейде мән беріліп, елімізді жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыру басты назарға алынған.