• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Білім 22 Мамыр, 2025

«Келешек мектептері» – озық білім мен тең мүмкіндік

150 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазірге дейін 105 мектептің құрылысы аяқталған, биыл тағы 112 білім ошағы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ министр енді бұл стратегиялық жоба «Келешек мектептері» деп аталатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы ұсынған «Жайлы мектеп» моделі – қазіргі заманғы оқыту стандарттарына сай бірыңғай кеңістік құру арқылы еліміздегі орта білімнің деңгейін жүйелі арттыруды көздеген стратегиялық бастама. Сонымен қатар жоба қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған.

«Жобаны іске асыру элиталық оқу орындарын құруға емес, білім сапасының жоғары стандарттарын жаппай енгізуге бағытталғанын атап өту маңызды. Бұл әр баланың толыққанды дамуына мүмкіндік  береді», дейді министр.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектептердің» басты артықшы­лығы – оқушы қажеттіліктеріне толық бағдарланған ыңғайлы және эргоно­микалық орта құру. Мұндай білім ошақта­рында заманауи бейнебақылау және мектепке кіріп-шығуды қадағалау жүйелерін орнату арқылы балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар бас­тауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған блоктардың бөлек болуы қауіпсіз әрі жайлы ортаны қамтамасыз етеді.

«Кедергісіз орта құру мақсатында пандус­тар, жеделсатылар, ерекше қажетті­ліктері бар балалар еркін қозғала алатындай арнайы санитарлық бөлмелер қарас­тырылған. Ресурстық кабинеттер және мамандандырылған сыныптар бар. Мәселен, аутизм белгісі бар балалар үшін 121 мектепте жеке кабинеттер ашылды», дейді сала басшысы.

Министр енді бұл стратегиялық жобаның «Келешек мектептері» деп аталатынын айтты. Сондай-ақ жоба аясында мектеп құрылысы жеке секторларда тұрғызылған нысандарға қарағанда 1,5-2 есе арзанға түсетініне тоқталды. Бұған қоса бұл бастама өңірлік экономиканы бірнеше бағытта ынталандыратынын да атап өтті.

«Біріншіден, мектеп құрылыстарына жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмыс­шы бригадалар тартылады. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына тікелей әсер етеді. Екіншіден, әр жаңа мектеп – педагогтер мен техникалық қызметкер­лер үшін жаңа жұмыс орны. Жалпы алған­да, еліміз бойынша барлық жаңа мектепті кадрмен қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін 30 мыңнан астам мұғалім қажет болады», дейді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, тағы бір маңыз­ды бағыт –  ерте кәсіби бағдар беру. Бас­тауыш мектепте балалар түрлі маман­дықпен танысады. 7 сыныптан бас­тап терең кәсіби бағдар беру басталады.

Жоба аясында елімізде жүзден астам жаңа мектеп салынды. Бұл мыңдаған оқушының білім алу жағдайын едәуір жақсартты. Мысалы, елордада «Жайлы мектеп» стандарты бойынша тоғыз жаңа мектеп ашылып, ол үш ауысымды оқыту мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік берді.

Ақмола облысында тәуелсіздік алған­нан бері алғаш рет жаңа заманауи мектеп бой көтерді. Ал Алматы облы­сының Қошмамбет ауылында 1 200 орын­дық заманауи, озық жабдықталған мектеп пайдалануға берілді.

«Келешек мектептері» деген атау бұл ұйымдардың миссиясын айқын көрсетеді. Бұл – бар балаға тең мүмкіндік ұсынатын білім ошақтары», деп түйіндеді министр.