Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында фермерлерге инвестициялық мақсаттағы несиенің қолжетімсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы тиімді қаржыландыру жүйесіне тікелей байланысты. Алайда қазіргі таңда шаруалар кепілзаттың жетіспеуі, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы және мемлекет тарапынан берілетін субсидияның кешігуі сияқты қиындықтарға кезігіп отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басында мемлекет тарапынан төленбей тұрған субсидия көлемі 350 млрд теңгеге жеткен. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 36 млрд теңге болған. Қарыздың едәуір бөлігі инвестициялық жобалар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиесілі. Қазіргі таңда мемлекет 2035 жылға дейінгі аралықта бұл міндеттемелерді орындауға уәде берген.
«Егер бюджетте қаржы қарастырылмаса, фермерлер несиені 22-24 пайыздық мөлшерлемемен өздері төлеуге мәжбүр. Бұл – кез келген бизнес-жоспарға айтарлықтай салмақ», деді депутат.
Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы берілетін субсидиялардың да кешігіп жатқанын атап өтті. Кәсіпкерлер қаражатты бірнеше ай бойы күтуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде бизнестің қаржылық жағдайын әлсіретеді.
Осы орайда депутат бірнеше ұсыныс айтты:
қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлердің облигацияларындағы купондық сыйақыны субсидиялау; несие беруші ұйымдарды кеңейту мақсатында екінші деңгейлі банктер мен несиелік серіктестіктерді тарту; фермерлерге қаржыландыру көздерін таңдауға мүмкіндік беру үшін цифрлық құралдарды енгізу.Сондай-ақ, Руслан Қожасбаев Үкіметтен субсидиялау жүйесін тұрақтандыру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, кепіл мәселесін шешу және агросектордағы қаржылық тәуекелдерді азайтуға бағытталған нақты шаралар қабылдауды сұрады.
Арайлым МЫРЗАХАН,
ЕҰУ 2 курс студенті