Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) миссиясымен кездесу өткізді. Миссияны Қазақстан бойынша жаңадан тағайындалған жетекші – Али Аль-Эйд бастап келді, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында елдің энергетика саласындағы инвестициялық климатын нығайту жолдары, жылу электр орталықтарын қоса алғанда, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жоспарлары және мұнай-газ саласының даму перспективалары талқыланды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан энергетикасындағы басымдықтарды айқындап, инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы жағдайлар жасалатынына баса назар аударды.
«Халықаралық серіктестермен, соның ішінде ХВҚ-мен жүргізілетін конструктивті диалог бізге энергетика саласын орнықты дамыту стратегиясын тиімді жүзеге асыруға және үздік әлемдік тәжірибелермен үндестіруге мүмкіндік береді», деді министр.
Кездесуде жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттарды жаңғырту бағдарламалары да талқыланды. Тараптар мұнай-газ секторының даму келешегін де егжей-тегжейлі қарастырды. Министр 2027 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,5 млн тоннаға жетеді деген болжамды растады. Бұл көрсеткішке Теңіз кен орнын кеңейту сияқты ірі жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізіледі.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері секторына инвестиция тарту мәселелері де сөз болды. Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін елдің энергетикалық теңгерімінде 15%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
«Басты міндетіміз - елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестициялар тарту мен озық технологияларды енгізу арқылы саланың қарқынды дамуына жағдай жасау. Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастыққа әрдайым ашық», деді Ерлан Ақкенженов.