• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Мамыр, 2025

«Trallallero Trallalla». Балалар не көріп жүр?

290 рет
көрсетілді

Көк түсті аяқ-киім киген үш аяқты акула, жарты басы капучино, жарты денесі балерина, Fortnite ойнап отырған әке мен Бургер есімді мем. Қаншалықты қисынсыз естілсе де, бұл — бүгінгі интернеттің ең танымал кейіпкерлері. Оның фондық әуені де жұмбақ: «Trallallero Trallalla». Бастапқыда күлкі тудырған бұл әуен уақыт өте келе қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл не ән? Қайдан шыққан? Ең бастысы — неге  балалар мен жастарды қызықтырады?

Әуеннің шығу тарихы

2025 жылдың 13 қаңтарында желіде жарияланған 12 секундтық бейнежазба бір апта ішінде 30 миллион қаралым жинап, виртуалды кейіпкерлер интернет кеңістігін жаулап үлгерді.

«Trallallero Trallalla» — бастапқыда мағынасыз сияқты көрінетін ырғақты дыбыстар жиынтығы. Бұл атаудың тамыры Италияның Генуя аймағымен байланысты. Мұнда XIX ғасырдан бері «trallalero» деп аталатын көпдауысты халық ән айту дәстүрі кең таралған.  Бұл стильді заманауи контентке үйлестірген TikTok қолданушысы @amoamimandy.1a. Ол алғаш болып TikTok-та үш аяқты, көк кроссовка киген акула Тралалело Тралала кейіпкерін көрсетіп, осы әуенді фон ретінде қолданған.

Кейбір деректерге сүйенсек, әннің әлеуметтік желіде лезде тараған нұсқасы нейрожелі арқылы автоматты түрде жасалған аудиомикс. Бірақ ән мәтінінде біртүрлі сөздер тізбегі бар: «Алла», «Fortnite», «Орнелла Леккакаппелла» деген сияқты тіркестер қатар айтылады. Алайда мұндай сөйлемдерден кейін ата-ана алаңдаушылық білдірген. Тіпті желі қолданушылары бұл әнді исламға қарсы мазмұны бар деп сынаған. Бірақ фактчек платформалары мен KnowYourMeme сайты бұл мәтіннің нақты діни контексті жоқ, жай ғана нейрожелі генерациясы екенін мәлімдеген.

Бірақ дәл осы абсурдтық бейне миллиондаған адамның санасына еніп, балалар мен жасөспірімдердің жаппай көру нысанына айналды. Бұл «brainrot» деп аталатын жаңа интернет-контенттің түрі. Ағылшын тілінен аударғанда, бұл «ми шіру» дегенді білдіреді. Тіпті Оксфорд сөздігі «brainrot» сөзін 2024 жылы жылдың сөзі деп атаған. Оның мағынасы ақпараттық құндылығы төмен, бірақ эмоция тудыратын мазмұнды білдіреді. Сонда бүгінгі интернет қолданушысының талғамы да осы бағытқа ауысқаны ма? Мағына емес — күтпегендік, логика емес — хаос, сюжет емес — әсер маңызды болып тұр ма?

Мемдер неге мағынасыз болған сайын қызықты бола бастады?

TikTok-тағы абсурд әлем тек Тралалеломен шектелмейді. Бірінен-бірі оғаш кейіпкерлер туып жатыр. Атап айтсақ:

Бомбардиро Крокодило — крокодил мен ұшақтың гибриді; Балерина Капучино— бастың орнында капучино шынысы тұрған балерина. Ол — Капучино Ассасиноның бұрынғы жары. Ал Капучино Ассасино катана ұстаған қаһарлы стакан-киллер. Бомбомбини Гусини— ұшақ пен қаздың гибриді. Ол әдетте Бомбардироға көмекке келеді. Тунг Тунг Тунг Сахур— бейсбол таяғын ұстаған ағаш полено. Егер де оның атын үш рет атасаң, соңынан қалмай ілесіп жүреді. Триппи Троппи— аюдың қолы бар, семіз еркек-балық. Ол су асты патшалығын басқарады. Лирили Ларила— кактус пен пілдің қосындысы. Ол уақытты басқаруға қабілетті және болашақты болжай алады. Шпионио Голубио— жасырын камерамен жүрген көгершін. Бобрито Бандито— мафиямен байланысы бар қарапайым ғана бобер.

Мамандардың айтуынша, бүгінде адам күніне мыңдаған хабарлама, сурет, видео көреді. Олар миға салмақ түсіреді. Мағыналы, логикаға негізделген контентті қабылдауға күш керек. Ал мағынасыз, бірақ эмоционалды контент миға демалыс береді. Оны түсінуге тырыспайсың, жай қабылдайсың.

Кейбір зерттеушілер бұл трендті капиталистік, мазмұнға толы, ауыр әлемге қарсылық ретінде көреді. Мағыналы контент тәртіп пен жүйеге негізделеді. Ал мағынасыз мемдер — цифрлық еркіндіктің символы ретінде қарастыралады.

Қоғам пікірі екіге бөлінді

Интернетті шарлап кеткен «Тралалеро Тралала» бейнесі күлкілі, оғаш әрі тартымды болғанымен, оған қатысты қоғам пікірі екіұшты. Желі қолданушылары бұл ән мен кейіпкердің мазмұнын, ықпалын, тіпті жасырын мағынасын талқылап, алаңдаушылық білдірді.

«Мен бұл әнді 30 секунд естідім де, 3 сағат бойы тоқтаусыз айта бердім. Не үшін, неге екенін білмеймін. Бұл не сиқыр өзі?!» «Мен өзімді ақымақ сезінем, бірақ күле берем. Мүмкін, осы әннің мақсаты да сол шығар – миыңды өшіріп, күлдіріп тастау.» «Мен балаларымның телефонынан TikTok-ты өшіріп тастадым. Осы «акула» келгеннен бері олар мазасыз болып кетті.» «Жай ғана акула ғой. Үш аяқты. Көңілді. Не үшін қатты уайымдау керек? Мен оған күліп, ары қарай жылжи берем.» «Мұғалім ретінде айтам: соңғы кезде оқушылардың зейіні мен көңіл-күйі өзгеріп барады. Әр сабақтан кейін TikTok қарап, осындай мағынасыз контент көреді.»

Бірі дәл осы әнді жасанды интеллект дәуіріндегі шығармашылықтың көрінісі десе, енді бірі ақпараттық уланудың символы деп қабылдады.

Бұл ретте ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті интернет кеңістігінде таралып жатқан деструктивті мазмұндағы мультфильмдерге қатысты ата-аналарға ескерту жасады. Комитеттің мәлімдеуінше, сырт көзге балаларға арналған секілді көрінетін кейбір бейнематериалдар шын мәнінде агрессияны насихаттайтын және адамгершілік құндылықтарға кері әсер ететін бұрмаланған ақпаратты қамтуы мүмкін.

«Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың әлеуметтік желілерде қандай контент көріп жүргеніне, кімдермен сөйлесетініне және интернетте не талқылайтынына ерекше назар аударыңыз. Балаңызбен ашық әңгімелесіп, сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектесіңіз. Егер күмәнді немесе зиянды контент байқасаңыз – бұл туралы бірден құзырлы органдарға хабарлаңыз. Саналы ата-ана ретінде балаңыздың өміріне белсенді араласуыңыз – оның цифрлық қауіпсіздігінің басты кепілі», делінген хабарламада.