Астанада өткен Ұлттық мектеп лигасының ашылу салтанатында ауыл спортының дамуына серпін берген AUYLSPORT жобасының қатысушыларына – жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына Оқу-ағарту министрлігі атынан Алғыс хат табысталды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл марапаттарды ведомство басшысы Ғани Бейсембаев табыстап, ауыл балаларының спорттағы жетістіктеріне шынайы құрмет көрсетті. Министрдің айтуынша, бұл – ауыл жастарының қажырлы еңбегіне берілген әділ баға.
Салтанатты сәтте жасөспірімдердің қуанышы көздерінен байқалды. Сербияда өткен GYMNASIADE U15 халықаралық жарысының жеңімпазы Нұртас Әлімбай алған әсерін бөлісті.
«AUYLSPORT жобасы арқылы бұрын тек арман болып көрінген дүниелер шындыққа айналды. Министрдің қолынан марапат алу – мен үшін қол жетпейтіндей биік еді. Бүгін сол арман орындалды. Бұл – мен секілді мыңдаған ауыл баласының үмітіне жол ашқан жоба», деді жас спортшы.
2024 жылы іске қосылған AUYLSPORT жобасы қысқа уақыт ішінде еліміздің барлық өңірінен кең қолдау тапты. Бүгінде 10 мыңнан астам бала осы бастама аясында жүйелі түрде спортпен айналысып жүр. Сербияда өткен Гимназиадада Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен 22 спортшының 12-сі – осы бастаманың жемісі болып отыр.
«Министрлік тарапынан берілген бұл марапат – AUYLSPORT жобасының жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы. Бұл – ауылдағы дарынды жасөспірімдердің болашағына сенім артудың көрінісі. Бұл құрмет – болашақ жеңістерге бастайтын берік негіз», деді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
AUYLSPORT – ауыл жастарына арналған спорт секциясы ғана емес, олардың өмірін өзгертетін жаңа бағдар. Жоба белгілі меценат Тимур Құлыбаевтың бастамасымен қолға алынған. Алғашқы кезеңде 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысқан. Halyk қоры ауыл спортының дамуына 500 миллион теңгеге жуық қаржы бағыттаған.