• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Жастар Бүгін, 14:15

Оқушылар жаз айларында қайда жұмысқа кіре алады

70 рет
көрсетілді

Қазақстанда жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларының жұмыспен қамтылуы жолға қойылып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 20 мамырда өткен Үкімет отырысында бұл бағытта қандай нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаз – тек демалыс уақыты емес, алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, өз бетімен табыс тауып көруге тамаша мүмкіндік. Светлана Жақыпованың айтуынша, елімізде еңбек қызметімен айналысуға заң бойынша рұқсат етілген 14-тен 18 жасқа дейінгі оқушылардың саны – шамамен 1,5 миллион. Олардың 26,5 мыңы – мүмкіндігі шектеулі балалар.

Қазіргі таңда 24,3 мыңға жуық оқушы жазғы жұмыспен қамтылған. Ең көп жұмыс істейтін салалар – сауда (5,3 мың бала) және тұрғын үй мен қоғамдық тамақтану қызметтері (3,6 мың). Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Министр бұл бағытта арнайы онлайн құралдардың іске қосылғанын айтты. Атап айтқанда, электронды еңбек биржасында «Менің жазғы каникулдарым» атты бөлім ашылып, 14 жастан асқан оқушыларға жеке кабинет ашып, түйіндеме қалдыру және өзіне ыңғайлы бос жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі берілген. Тіркелу ата-аналары немесе қамқоршылары арқылы жүзеге асады.

Сондай-ақ, Skills.Enbek платформасында балалар түрлі мамандықтар бойынша жаңа дағдыларды үйрене алады. Қазір бұл жүйеде 1 294 курс бар, оның 322-сі – тегін, ал 67-сі – ерекше қажеттілігі бар жастарға бейімделген.

Светлана Жақыпова жазғы демалыс кезінде жергілікті әкімдіктер тарапынан қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру тәжірибесі жалғасатынын да атап өтті. Бұл жұмыстар арнайы дайындықты қажет етпейді, икемді кесте бойынша орындалады және экономикалық, әлеуметтік немесе экологиялық пайда әкелуі тиіс. Мұндай жұмыс үшін оқушыларға ай сайын кемінде 24 АЕК (2025 жылы – 94 368 теңге) көлемінде жалақы төленеді.

«Біз оқушыларға жазғы демалыс кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға тең жағдай жасауға, икемді еңбек шарттарын ұсынуға тырысамыз. Бұл – олардың болашақ мамандық таңдауы мен жеке дамуына үлкен серпін береді», деді министр.

Осылайша, мемлекет тарапынан жасөспірімдерге жұмыс істеуге, білім алуға және өзін дамытуға нақты жағдай жасалып отыр. Бұл – еңбекке алғашқы қадам, өмірге дайындықтың бір бөлігі.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті