Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру шаралары туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, еліміздегі 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатыр және киіз үй сынды демалыс орындарында жазғы каникулын өткізеді.
«Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі бекітіліп, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді», деді Ғани Бейсембаев.
Әлеуметтік осал санаттағы балалардың жазға демалысын ұйымдастыруға да ерекше назар аударылған. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Көп балалы және ауылдық отбасылардан шыққан балаларға да басымдық беріледі.
Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында Министрлік 120 мың ұйымдастырушы-педагогті даярлаған. Осы бағыттағы жұмыстарға қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылады.
Өңірлерде демалыс орындарын салу жұмыстары да қарқын алған. Мәселен, Түркістан облысында балаларды сапалы демалыспен қамту деңгейін арттыру үшін 10 лагерде модульдік корпустар салынып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасуда – биыл алты елді мекеннен 62 отбасы қатысып, 140 балаға арналған демалыс ұйымдастырылады. Ақтөбе облысында және басқа да бірқатар өңірде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында колледждер жанындағы лагерьлерде оқушылар шеберлік сыныптары мен кәсіптік бағдар беру сессияларына қатысады.