Бүгін, 20 мамыр күні таңертең «Алматы — Екатеринбург» тас жолының бойында, «Қайрақ» шекаралық бақылау бекетінен шамамен екі шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ford Transit маркалы автокөліктің жүргізушісі шетелден келген 10 жолаушыны тасымалдап келе жатып, DAF жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан алты адам оқиға орнында көз жұмған. Тағы бес адам түрлі жарақатпен Қарабалық аудандық ауруханасына жеткізілген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қазір оқиға орнында тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
«Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Көлік жүргізу кезінде сақ болыңыз, жылдамдықты шектен асырмаңыз және әрқашан орындайтын маневрлердің қауіпсіздігін бағалаңыз», делінген хабарламада.