Елорда төрінде Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған форум салтанатты түрде ашылды. Үш күнге жоспарланған алқалы жиын еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ мұраттарды жүйелеуге бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Ауқымды іс-шараға музей, театр, кітапхана, архив, мәдени-демалыс мекемелерінің жетекшілері мен сала мамандары жиналып, саланы дамытудың тиімді тетіктерін талқылап жатыр. Форум аясында бір мезетте бірнеше алаңда панельдік сессиялар ұйымдастырылып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.
Атап айтқанда, Ұлттық музей қабырғасында III Қазақстандық музейлер конгресі өз жұмысын бастады. Бұл жолғы жиын тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесіне арналды. Сарапшылар теориялық ұстанымдармен қатар, практикалық тәжірибе алмасуға да ден қойып отыр. Қатысушылар экспонаттарды реставрациялау мен консервациялау ісіндегі жетістіктермен танысып, археологиялық артефактілерді сақтау жөніндегі шеберлік сабағына қатысты.
Сондай-ақ сахна өнері саласының өкілдері де шығармашылық алаңдарда бас қосты. Концерттік ұйымдар мен мәдени-демалыс орталықтарының қызметкерлері режиссурадағы жаңа бағыттар, сахналық шеберлік, продюсерлік және костюм өнеріне арналған дөңгелек үстелдер мен тәжірибелік зертханаларға қатысып, кәсіби біліктіліктерін шыңдады.
Өңірлік кітапханалардың басшылары мен кітапханашылар да бүгінгі заман талабына сай қызмет түрлерін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесін ортаға салды. Күн тәртібінде жасанды интеллектті қолдану, құжаттық мұраларды сақтаудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Форум аясында «Рухани қазына – 2025» республикалық мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің фестивалі басталды. Мәдениет саласының мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан байқауға 85 кітапхана, 50 мәдениет үйі және 30 музей қатысуға өтінім білдірген. Құрамында кәсіби мамандар бар қазылар алқасы 19 номинация бойынша үздіктерді анықтап, жеңімпаздарды марапаттайды.