Атырауда Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушыларының шығармалары» атты көшпелі пленумы өтті. Оған шығармашылық одақ пен облыс басшылары, Астана, Алматы қалаларынан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысынан қаламгерлер қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Көшпелі пленумның көтеріп отырған мәселесі – еңбек адамының мәртебесін биіктету. Қалам иелері маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың бейнесін көркем шығармалар арқылы жаңғыртуы қажет. Қалам мен еңбектің тандемі арқылы біз өз дәуіріміздің шынайы келбетін жасап, болашақ ұрпаққа өнеге болар асыл қазына қалдырамыз», деп арнайы хат жолдады.
Мұнайлы өңірде алғаш рет өткен пленумда ел руханиятына үлес қосқан жергілікті қаламгерлерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілді. Бұл атаққа ие болғандардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов. Танымал өнер қайраткері қазақтың халық әндері мен композиторларының шығармашылығын зерттеп келеді. Халық әндерінің шығу тарихынан бірнеше кітап жазды.
Сондай-ақ «Әдебиет – ардың ісі» қағидатын бағдар тұтқан атыраулық қаламгерлер, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп, жергілікті өлкетанушы Төлеген Жаңабаев, айтыскер Жәниба Қарасаева аталған атаққа ие болды. Құрметті атақты Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов тапсырды.
Бұл пленумда «Сөз – сыбаға» әдеби аукционы өтті. Аукционда алдымен қаламгерлер мен меценаттар таныстырылды. Меценаттар өздері таңдаған авторлардың кітабын шығарып беруге демеушілік жасағалы отыр. Олардың арасында «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Төкен Жұмағұлов, Қазақстанның Еңбек Ері Владимир Розметов, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Сарманов секілді кәсіпкерлер мен Балжігітовтер, Қаршегеновтер әулеттерінің өкілдері бар.
Мәселен, Мұрат Сарманов жергілікті қаламгерлер Төлеген Жаңабаев, Қалиолла Ізекенов, Жаңай Амантурлин, Назарбек Қосшиев пен Асантемір Қаршығаұлының кітаптарын шығаруға демеушілік жасаған. Ол енді жергілікті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлзада Ниетқалиеваны автор ретінде таңдады.
Қаламгерлер басқосуында рухты жырымен ел жадында қалған дауылпаз ақын Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың жаңа иегерлерінің аты аталды. Сыйлық иегерінің бірі – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев, екіншісі – әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова. Олардың әрқайсысына халықаралық сыйлықтың куәлігі мен 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Атырау облысы