Қытайдың Цзяншань қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.
Аталған жарыста Қазақстанның ұлттық құрамасы тым нашар өнер көрсетті. Аспанасты еліне аттанған 15 зілтеміршінің тек екеуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 73 кг салмақ дәрежесіндегі Пётр Хребтов қола медаль алса, 102 кг салмақтағы Артём Антропов күміс жүлдеге қол созды. Міне, бар табысымыз осы ғана.
Сондай-ақ, Егор Шерер (89 кг) мен Любовь Ковальчуктің (87 кг) де жүлдегерлар санатына қосылуға жақсы мүмкіндіктері болған еді. Алайда сын сағатта жүйкелері сыр берген олар басты қарсыластарына есе жіберіп, төртінші орында қалып қойды. Ал Аянат Жұмағали (76 кг) мен Виктория Новикова (81 кг) бесінші сатыға табан тіреді.