• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Ауа райы Кеше

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге көшті

30 рет
көрсетілді

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, мамырдың 17-нен 18 қараған түні Алматыда ауа райы күрт өзгеруі ықтимал.

18 мамыр күні сағат 13:00-ден бастап тәулік бойы найзағай ойнап, бұршақ аралас нөсер жаңбыр жауады деген болжам бар. Жауын-шашын мөлшері 20 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 3–8 м/с, найзағай кезінде 18–23 м/с дейін жетеді.

19 мамырда да құбылмалы ауа райы сақталып, түнде сағат 05:00-ге дейін жаңбыр жаууы мүмкін, күндіз жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде +13…+15°С, күндіз +20…+22°С. Жел оңтүстік-батыстан 3–8 м/с.

Сондықтан Алматы қалалық коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды. Түнгі уақытта 366 арнайы техника бірлігі мен 355 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Ал 18 мамыр күндіз селдің алдын алу мақсатында 515 техника бірлігі, 27 мотопомпа және 755 жұмысшы қала көшелеріне шығады.

Сонымен қатар, мотопомпалармен жабдықталған 42 жедел бригада дайындық режимінде жұмыс істейді.

Арық желілері мен жауын суын қабылдайтын тұзақтарды тазалау мен бақылау жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қаладағы проблемалық учаскелерде тәулік бойы тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Алматы қаласы құтқару қызметі («Алматы қаласының құтқару қызметі» МКК) тарапынан 15 техника бірлігі мен 50 қызметкер, ал ТЖД тарапынан 55 техника бірлігі мен 245 маман кезекшілікке шықты.