• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 17:55

Арқалық қаласында «Өркендей бер, туған өлкем» атты патриоттық акция өтті

20 рет
көрсетілді

Арқалық қаласында «Өркендей бер, туған өлкем» атты патриоттық акция өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жариялаған бастамаларын қолдау мақсатында 16 мамыр күні сағат 19:00-де Арқалық қаласында «Өркендей бер, туған өлкем» атты патриоттық акция өтті. Іс-шараға Арқалық педагогикалық университеті мен колледждердің 250-ден астам студенті қатысты.

Акция моноқаланың дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға жастардың ризашылығын білдірудің бір көрінісі болды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Арқалықта бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Олардың қатарында әуежайдың қайта жаңғыртылуы және «Астана – Ырғыз» автожолының құрылысы бар. Бұл жобалар Торғай өңірінің дамуына серпін береді деп күтілуде.

– Павлодар қаласынан келдім. Арқалық маған қатты ұнайды, осы қалада қалғым келеді. Қала дамып келеді: әуежай ашылады, жаңа жол салынып жатыр. Президентіміздің Арқалықты қолдап отырғанына қуаныштымын, – деді Жазира Болатова, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің студенті.

Қатысушылар қала көшелерімен мемлекеттік туларды алып, патриоттық ұрандармен жүріп өтті. Бұл – елдің дамуына жастардың қолдау білдіруінің айқын көрінісі болды.

– Қаламыздың тұрғындары мен жастары өзгерістерге өте қуанышты. Арқалыққа бөлінген көңіл үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, болашаққа жол ашады, – деп атап өтті Арқалық қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.

Тұрғындардың айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар тек Арқалыққа ғана емес, жақын маңдағы ауылдарға да оң әсерін тигізеді. Жаңа инвестициялар тартылып, кәсіпкерлік пен инфрақұрылым дамиды, өмір сапасы артады деп күтілуде.

Алғаш болып іске асатын жоба – «Орталық – Батыс» бағдарламасы аясындағы автожол құрылысы. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталады деп жоспарланған.

«Өркендей бер, туған өлкем» патриоттық акциясы Арқалық жастарының туған өлкесінің болашағына бейжай қарамай, оң өзгерістерге белсенді түрде атсалысуға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.