Ақжайық ауданында «Елдің құты – еңбек адамы» атты тағылымды жиын өтті. Басқосу ауданның құрметті азаматы, Батыс Қазақстан облысының Еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомұлына арналды.
Нәсіпқали ақсақал Ақжайық өңіріндегі белді шаруашылықтың бірі – «Нұртілек» шаруа қожалығының жетекшісі. Қағаз жүзінде емес, шын мәнінде әлі аттан түспеген нағыз еңбекқор шаруа. Өзінің айтуынша, торғай шырылдамай тұрып кету – бала күнінен қанына сіңген әдеті. Әлі күнге дейін атқа мінетіні, қылқұйрықтың ауыздықпен алысқан асауын ұнататыны да бойға біткен сергек мінезінен болса керек.
Н.Қайырқомұлы 1940 жылы Нарындағы Бекетай құмында дүниеге келген. Ес білмей жатып елде алапат соғыс басталды. Қызыләскер Қайырқом Артығалиұлы 1942 жылы қан майданда қаза тапқанда жесір әйел, жетім бала тағдырдың салғанына амалсыз көнді. Бірақ олардың басына түскен бейнет бұл ғана емес екен. 1952 жылы Капустин Яр әскери полигоны ашылып, құм жайлаған қазақ жылы орнын суытуға мәжбүр болды. Тұрғындардың бір бөлігі Оңтүстік Қазақстанға жер аударылса, қалғаны Батыс Қазақстан облысының әр түкпіріне шашырап кетті. Кейіпкеріміз тұрған Алғабас ұжымшары Чапаев ауданына көшірілді. Сөйтіп, Қайша Мұқатқызы бір ұл, бір қызымен бірге туған жерден тамыр суырды...
Біз қуғын-сүргін салдарынан қазақ жеріне қоныс тепкен кәріс, неміс, шешен, басқа да халықтардың тағдырын жақсы білеміз. Бірақ бейбіт күнде туған жерінен ауа көшіп кеткен Нарын жұртының қасіретін әлі толық таныған жоқпыз. Осы зобалаңның ортасында болған ақын Қайрат Жұмағалиев пен Нәсіпқали ағай көп жылдан кейін кездескенде бала күнгі естеліктерін айтып, әңгімелері таусылмаушы еді.
Нәсіпқали ағаның бойындағы еңбекқорлық алдымен анасынан жұққан. Қайша шешеміз ұжымшардың сиырын сауып, стахановшы атанған, аудандық кеңестің депутаты болған кісі. Еңбегінің өтеуіне Мәскеуге, халық жетістіктерінің көрмесіне баруға жолдама келгенде, иініне ілетін дұрыс киімі болмай, бара алмапты. Бүкіл ауыл болып біркиер киім таба алмаған...
«Әкемізден апам екеуіміз қалғанбыз. Әкеміз соғысқа 1942 жылы алынып, қаза тауыпты. Содан бері майдангердің отбасы ретінде төленуге тиіс жәрдемақыны да алмаған екенбіз. Сауатты адамдар біздің атымыздан арыз жазып, жиналып қалған 5 300 сом ақшаны алып берді. Сол кездегі мөлшермен көп қаржы қолға тиді. Ұжымшар бастығы Хайруллин Мұхамбетқали ағай анамды шақырып алып: «Қайша, ұжымшарға қаржы керек болып жатыр, сен анау ақшаңның бәрін ұжымшарға бер, ұжымшар соның өтеміне саған сауын мал береді, қой-ешкі береді, тағы не керек, қажетіңді ал», депті. Анам сөзге келген жоқ, ақшаны ұжымшарға берді. Сөйтіп, малды болып шыға келдік. Аузымыз аққа тиді. Шешем маған тәуір киім алып берді», деп еске алады Нәсіпқали ақсақал.
Жетімдік пен жетіспеушілік жас шағында адымын аштырмады. Оқуға алғыр болса да, 8-сыныптан кейін еңбекке араласуға мәжбүр болды. Қандай жұмыстан да жалтарған жоқ. Қатарының алды, ауылдың озат еңбеккерлерінің бірі атанды. Кейін кеңшарға айналған Алғабас ұжымшарының озат шопаны, үздік малшысы болды. Мал бордақылау кешеніне жетекшілік етті. Облыс аумағындағы ең үлкен гидрокешен – Киров суқоймасының жауапты бөлігін де абыроймен басқарды. 2004 жылы немересінің есімін қойған «Нұртілек» жеке шаруа қожалығын ашты. Дала төсінде төрт түлікті өрбітті.
Құдай берген дәулетті Нәсіпқали аға орнымен жаратты. Кезінде жетімдік салдарынан оқи алмай қалса, кейін кешкі мектептен орта білім алды. Одан соң сырттай оқып әуелі зоотехник, соңынан гидротехник мамандығын игерді. «Жұлдыз» журналы мен әдеби кітаптар – күні бүгінге дейін өмірлік серігі.
Нәсіпқали аға 2012 жылы 104 жасында өмірден өткен Қайша анасын кете-кеткенше алақанына салып өтті. Анасы өмірден өтерінен бір күн бұрын ұлымен бақұлдасып, үш өсиет айтқан екен. Жалғыз ұл оны да бұлжытпай орындады. Бүгінде 60 жыл отасқан жары, сегіз баласының анасы Қоңыршаның денсаулығына алаңдап, бар жағдайын жасап отыр.
Ағаның тағы бір қасиеті – ескі әңгіме білетін, шежіре шертетін адам туралы естісе, алыс жерде болса да арнайы іздеп барып танысып алады. Көңілі жарасса, өмірлік дос болып кетеді. Өзі де аузымен құс тістеген шешен, батагөйлер байқауының талай мәрте жүлдегері. Сырым батыр айтпақшы, «би болмаса да, би түсетін үйдің» иесі. Ақжайық өңіріне келген қандай мәртебелі мейман да Нәсіпқали ағаның қонақжай шаңырағына соқпай кетпейді.
– Нәкеңнің төңірегіне ізгі жандар үйірілгіш келеді. Ұзақ жыл қатар жүрген соң көп жайтқа куәмін. Нәкең құдіретті күйші Қаршыға Ахмедияровпен жақсы дос болды. Қаршыға – музыка маманы, Нәсіпқали – ауыл шаруашылығы маманы. Екеуі кездесе қалғанда, қай тақырыпта да желдей есетін. Нәкең Нарын құмында өткен күйшілердің өмірі мен шығармашылығын сөз еткенде, Қаршыға домбырасын қолына алатын. Жиналған жұрт Қаршығаны біледі. Бейтаныстар Нәсіпқалиды консерватория тәмамдаған маман деп ойлап қалатын, – дейді бала күннен бергі досы, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріков. Айтқали Нұрышқалиұлы досы жайында «Үлкен үйдің иесі», «Дала дарабозы» атты қос кітап жазған қаламгер.
Тағы бір танымал тарлан, Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақанов Орал өңіріне келсе, Нәсіпқали ағаның шаңырағына міндетті түрде соғады. Дастарқан басындағы әңгіме музыка, әдебиет, кескіндеме тақырыбын қатар шолады. Нәсіпқали ақсақалды жерлестері «Дала академигі» деп атайды.
– Осының бәрі – еңбектің арқасы. Мені әуелі Ақжайық ауданына, кейін облыс көлеміне танымал қылған – төккен терім, адал еңбегім. Естеріңде болсын, еңбек дәулетті шалқытады. Дәулеті шалқыған адам өмірге құштар болады. Жоқ-жітікті жанға көмектескісі келіп тұрады. Өмірге деген осындай құштарлық ғұмыр жасыңның да ұзаруына себепші болады. Барлық жан-тәнің, алпыс екі тамырың өмірге құштар болса, әу баста құдай жаратқан сенің барлық ағзаң ұзақ жасауға қалыптасады, ұмтылады. Бұл – менің өзімнің көзқарасым, өмірден түйген пәлсапам, – дейді абыз ақсақал Нәсіпқали Қайырқомов.
Батыс Қазақстан облысы