• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 10:00

Ішкі жалпы өнім өсімі 6%-ға жетті

10 рет
көрсетілді

2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында ішкі жалпы өнім 6%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Экономиканың негізгі салалары – көлік, ­сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өсім көрсетіп, аймақтар арасындағы айырмашылықтар анық байқалды.

Көлік саласында 22,4%-дық өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш теміржол мен құбыр арқылы жүк тасымалының ­артуына байланысты. Аймақтар бо­йынша ең жоғары өсім Түркістан облысында (21,8%), Жамбыл облысында (11,2%) және Абай облысында (14,9%) байқалды. Бұл аймақтардағы логистикалық инфрақұрылымның дамуы және жүк тасымалы көлемі­нің артуы өсімге ықпал етті. Құрылыс саласы 16,2%-дық өсім көрсетті. Бұл тұрғын үй және инфрақұрылым­дық жобалардың артуымен, со­нымен қатар құрылыс нысандарын уақтылы аяқтау шараларымен байланысты. Жергілікті әкімдіктерге құрылыс жұмыстарын үйлестіру және бағаларды бақылауда ұстау тапсырылды.

– Сауда саласы бірінші тоқсанда­ғы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсу­ді көрсетті. Көтерме сауда көр­сеткі­ші 7,4%-ға, бөлшек сауда көр­сет­кіші 6,1%-ға дейін өсті. Бір­қатар өңір: Түркістан облысы же­міс, көкөніс, фармацевтикалық тауар сататын кәсіпорындар есебі­нен 60,4%; Ақмола облысы астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіп­орындардың арқасында 44%; Шым­кент дизель отынын, фарма­цевтикалық тауар, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтар­ды сататын кәсіпорындар есебі­нен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті, – деп жазылған хабарламада.

Өнеркәсіп саласында жалпы өндіріс индексі 6,4%-ға жетті. Тау-кен өндірісінде өсім 7,1%-ды құрады, бұл көмір өндірудің 11,2%-ға артуы­на байланысты. Өңдеу өнеркәсібі де 7,2%-дық өсім көрсетті. Мұнда тамақ өнімдерін өндіру 12%-ға, темекі өнімдері 26,3%-ға, химиялық өнімдер 11,2%-ға, машина жасау 11,2%-ға өсті. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім индексі 3,9%-ды құрады. Бұл саладағы өсім негізінен өсім­дік және мал шаруашылығындағы өнім­­діліктің артуымен байланысты. Ауа райының қолайсыздығы кей­бір аймақ­тардағы өсімді шектегені­мен, жалпы нәтиже оң болып отыр.

Экономист Сапарбай Жұбаев­­­­тың пікірінше, еліміздің құ­ры­­лыс ­са­­ла­сы қарқынды дамып ке­леді. Үл­кен қалалардағы жаңа ғима­рат­тар, зауыт­тар мен жолдар – өсім­нің айқын көрінісі. Десе де, тек құрылыспен шектеліп қалуға болмайды.

– Кеңес дәуірі кезінде ірі машина жасау зауыттары бол­ған. Біз сол дәрежеге қайта келу үшін біраз әрекет жасап жатырмыз. 10 пайыз­дық өсім бізге аз. Экономиканың не­гіз­гі тірегі­нің бірі сауда саласында да жетіс­тік бар. Бірден 7 пайызға арт­қан. Нақтырақ, көтерме 7%, бөлшек сауда 6%-ға дейін өсті. Түркістан ­облысы жеміс, көкөніс, фармацев­ти­ка­лық тауарды сату бойын­ша көш бастаса, Ақмола облысы астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында біраз нәтижеге қол жеткізді. Ал Шымкент дизель, қара және түсті металл сы­нықтары мен қалдықтарын сатудан көш бастап тұр, – дейді сарапшы.

Ал экономист Расул Рысмамбетов саннан сапаға көшу қажет дейді. Экономикадағы өсім тек пайыздық көрсеткіштермен шектелмеуі керек. Қазір басты мақсат – 6% өсімді сақтап қалу. Экономист сондай-ақ халықтың нақты табысының артуын қадағалауды ұсынады. ІЖӨ өсімі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етуі керек. Егер халық өсімді тек статистикадан көріп, бірақ күнделікті өмірде сезінбесе, бұл сапалы дамудың белгісі емес.

Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев ауыл шаруа­шылығындағы қиын­дықтарды естен шығармау ке­регін айтты. Казанцевтің пікірінше, ауыл шаруашылығы – тұрақсыз кли­маттық жағдайларға тәуелді сала. Сондықтан бұл секторда тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды енгізу, ирригация жүйелерін жетілдіру және аграрлық ғылымды дамыту қажет.

– Кейінгі екі жылда түрлі жағ­дайды бастап кештік. Алдымен құр­ғақшылық қыспаққа алды. Өткен жылғы су тасқыны есеңгіре­тіп тас­тады. Соған қарамастан жетіс­тік байқалып отыр. Біз осындай жағ­дайда да әрекет етуге үйрен­дік. Мем­лекет басшысы өзінің әр сө­зінде экономиканы дамыту үшін бар күш-жігерді біріктіру керек деп шегелейді. Министрліктің бер­ген бұл мәліметі – кейінгі төрт айдағы көрсеткіш. Алда оны әрі қарай дамыту деген үлкен іс тұр, – дейді П.Казанцев.

Қазіргі басты сұрақ – «Эконо­микалық өсімді 6% деңгейінде сақтау үшін қандай ұзақмерзімді шаралар қабылданады? Экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлердегі жағдай­ды қалай жақсартуға болады? Бұған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов жауап берді.

Оның айтуынша, тұрақты эко­номикалық өсімді сақтау үшін шағын және орта бизнесті (ШОБ) қол­дау маңызды.

– Осы мақсатта елде бірнеше ұзақ­­мерзімді іс-шаралар жоспарлан­ған. Біріншіден, кепілдік қорла­рын дамыту қарастырылған. Кепіл­дік қоры – кәсіпкерлерге несие алу кезінде кепілдік қамтамасыздығы жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекет немесе «Даму» қоры беретін кепілдік. Бұл кәсіпкерлерге банк­терден несие алуды жеңілдетеді. Мәселен, бірінші кепілдік қоры кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Несие сомасының 85%-на дейінгі кепілдік беріледі. Бұл шағын және орта бизнеске, әсіресе жаңа жобаларға немесе кепілдігі жоқ кә­сіпкерлерге тиімді. Ал екінші ке­пілдік қоры ірі жобаларға арналған (7 млрд теңгеден жоғары). Әр жо­бада оның ерекшеліктері ескеріледі. Бұл кепілдіктер кәсіпкерлердің несие алу мүмкіндігін арттырып, қаржы­лық тәуекелдерді азайтады. Банктер үшін мұндай кепілдік сенімділікті қамтамасыз етеді, – дейді Т.Смағұлов.

Одан кейін жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының да маңызы зор. «Даму» қоры 2025 жылы шағын және орта бизнеске жылдық 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарлама екінші деңгейлі банктермен әріптестік негізінде жүзеге асады, 40% – қордың қаржысы, 60% – банктердің қаржысы.  Негізгі салалар: өңдеу өнеркәсібі (өндіріс), ауыл шаруашылығын өңдеу (өнімдерді қайта өңдеу), көлік және логистика, медицина, білім беру және туризм.

– Субсидиялауды да ұмытпау керек. Жақында оның  механизмі іске қосылады. Субсидиялау – кә­сіпкерлердің алған несиелері бо­йынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл кә­сіпкерлер үшін қаржылық жүк­темені азайтады. Шағын кәсіп­керлік субъектілері үшін несие сомасы 200 млн теңге­ге дейін субсидиялана­­ды. Бұл шара кәсіпкерлерге қаржы­лық шығындарды азайтып, пайда табуға мүмкіндік береді. Әсіресе экономикалық тұрғыдан әлсіз өңір­лерде бизнеске қолдау көрсету ма­ңызды. Осы шаралар шағын және орта бизнестің қаржылық тұрақ­ты­лығын нығайтып, олар­дың бәсекеге қабілеттілігін артты­ра­ды және жаңа жұмыс орында­рын құруға ықпал етеді. Нәтижесін­­де, елімізде тұрақты экономика­­лық өсім қамтамасыз еті­леді, – дейді Т.Смағұлов.