• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 14 Мамыр, 2025

Картоп тұқымын сырттан алу тыйыла ма?

40 рет
көрсетілді

Отандық картоп өсірушілердің дені егіске қажет тұқымды сырттан сатып алады. Себебі отандық картоп түрлерінің элиталық жаңа түрлері жоқтың қасы. Ал жергілікті тұқым шығарушыларды қолдау – елеусіз қалып отырған өзекті мәселенің бірі.

Бұған мысал ретінде Павлодар облы­сы­ның картоп нарығында қалыптас­қан ахуалды сөз етелік. Ертіс-Баян өңірінде жыл сайын кемі 600-700 мың тонна картоп жиналып, дені экспортқа кетеді. Жыл са­йын «екінші нан» аста-төк болады. Алайда кейбір шаруашылықтарда өнімнің сапасына, картоптың құнарына баса мән берілмей келе жатқаны өкінішті. Фермерлер тұқым­дық картоптың негізгі бөлігін сырттан тасиды. Бұл – өзге мемлекеттердің тұқымы мықты, біздің ғалымдарымыз ондай өнім шығара алмайды деген сөз емес. Мәселе картоп шығарушы оригинаторларға қолдаудың жоқтығы. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ережелерге сүйенсек, еліміздегі картоп өсірушілер тұқымды жергілікті тұқым шаруашылықтарынан сатып алса, онда шаруаға мемлекеттен субсидия төленеді. Ал түнпнұсқаның иесі, яғни тұқым оригинаторына бюджеттен бақыр тиын да жоқ.

Біраз жыл «Павлодар ауыл шаруашы­лығы тәжірибелік стансасында» басшы­лықта жұмыс істеген, қазіргі уақытта жеке компанияда еңбек ететін маман Бауыржан Рахимовтің пікірінше, еліміздегі тұқым туралы заңға өзгерістер енгізілмесе, жағдай оңалмайды.

– Жалпы, отандық ауылшаруашы­лық дақылының қандай түрі болсын, тұқым шығару ісі мемлекет тарапынан мардым­сыз жағдайда қолдау тауып отыр. Соның ішінде Ертіс-Баян өңірі үшін картоп тұқымы аса өзекті. Біздің фермерлер жыл сайын облыс тұрғындарының сұ­ра­нысынан 10 есе көп өнім жинайды. Алай­да шаруалар сапалы тұқым сатып алуға келгенде көбіне тығырыққа тіре­леді. Себебі біздің өзімізде өсірілетін, сақ­та­ла­тын отандық тұқым түрлері саусақ­пен са­­нар­­лық. Олар босататын көлем бар­лы­­ғына жетпейді немесе сапасы жағы­нан осал. Соның салдарынан жыл сайын көк­­темде тұқымды қымбат бағаға Ресей мен Нидерландтан және тағы басқа мем­­лекеттерден алып жатырмыз. Мил­лион­даған ақшамыз шекара асып, өзге мем­­лекеттердің фермерлерін байытып отыр­­ғаны өкінішті, – деп қынжылады Б.Рахимов.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, тұқым шаруашылығының ең ұшар басында оригинатор, яғни тұқымның «атасы» тұрады. Ол шығарған тұқымды элиталық тұқым шаруашылықтары көбейтіп, сақтап әрі қарай тұқым шаруашылықтарына сатады. Тұқым шаруашылықтарынан соң аралық компаниялар өнімді фермерлерге үлестіреді. Жоғарыда айтқандай, оригинаторларға жасалатын қолдау жоқ. Салдарынан жаңадан тұқым ойлап табуға фермерлер мен ғалымдарда ынта да жоқ.

Тағы бір мәселе, шетелден жеткізілетін тұқымның ұсақ шаруашылықтарға қолжетімсіздігі. Сырттан тапсырыспен аз көлемде өнім алдыру үлкен шығын. Мұны білетін фермерлер жергілікті нарықта бұрыннан таныс ескі тұқымдарды жыл сайын көбейтіп, сатып отырған әдеттегі тұқым шаруашылықтарынан ала салады. Ал ондай тұқымдардың тұқымдық, яғни бастапқы қасиеттері әлдеқашан жойылып кеткен.

– Мысалы, Павлодарда «Гала» деген картоп сорты бар. Оның өнімділік қасиеттері әлдеқашан жойылған. Жай ғана атауы сақталып қалған. Тұрғындар сүйсініп жейтін «Ред скарлет» деген қызыл картоп бар, ол да әбден азып кет­ті. Жергілікті тұқым шаруашылықтарын­да «Коломбо», «Королева Анна» деген тұқым түрлері де өсіріледі. Бірақ бұлардың барлығы – сырттан алы­нып, көбейтіліп отырған өнімдер. Сайып келгенде Павлодарда шығарылған картоп деген атымен жоқ, – дейді Бауыржан Рахимов.

Өз түпнұсқа өніміміздің жоқтығынан кейбір шаруашылықтар Нидерланд­тың қымбат тұқымын сатып алып, оны бірнеше жыл егіс танаптарында өсіріп көбейтіп тұқымдық қор жасауға мәжбүр. Оған «AndasAgro» ЖШС-нің жағдайын мысал етуге болады. Шаруашылық басшысы Зейнолла Сәлменбаевтың айтуын­ша, картоптың «Вега», «Конкорд», «Ко­ломбо», «Гала» секілді кең таралған түр­лерін өсіреді. Өзбекстан халқы «Веганы», павлодарлық тұтынушылар «Коломбо» сорттарын ұнатады.

– Жоғары элиталы тұқымдарды Нидерланд пен Белоруссиядан сатып алып келіп, өзіміз көбейтеміз. Бағасы удай, жыл сайын ала беруге шамамыз жетпейтіні белгілі. 100 тонна тұқым шамамен 30 гектарға отырғызылады. Өнімін күзде жинап алып, қамбаға сақтап қоямыз. Келер жылы ол әлденеше есе көп гектарға салынады. Сөйтіп-сөйтіп, өзіміздің тұқымдық қор құрылады. Былай қарасаң, жергілікті жерден тұқым сатып алғанша, импорт өнімді ала салған оңтайлы. Сапалы әрі мол өнім беретініне сенімді боласың. Ал біздің жердің топырағында сапалы өнім шығару, оны жылдар бойы баптау қып-қызыл шығын ғой. Оны ғалымдар да әлдеқашан мо­йындап қойған, – дейді тәжірибелі картоп өсіруші.

Өңірлік ауыл шаруашылығы бас­­қармасының мәліметінше, былтыр облыста 24 мың гектарға картоп отыр­ғызылып, шаруалар орташа алғанда гектарынан 255,3 центнерден өнім жинаған. Жыл соңында жиыны 614,8 мың тонна картоп алынған.

Қазіргі уақытта облыста 113-тен астам шаруашылық картоп өсірумен айналысса, оның 16-сы ірі шаруашылық санатында. Биыл жалпы аумағы 26 мың гектар аумаққа өнім егіледі деген жоспар тұр.

– Ақсу қаласының ауылдық аймағында (6,4 мың гектар), Павлодар (4,5 мың гектар) мен Ақтоғай (3,2 мың гектар) аудан­дарында, сондай-ақ Екібастұздың ауылдық аймақтарында (2,7 мың гектар) картоп көп өсіріледі. Арнайы ұйымдастырылған фермаларда егіс танаптары негізінен суармалы жерлерде орналасқан. Шаруашылықтарда жалпы саны 625-тен астам жаңбырлатқыш машиналар қолданылады. Облыста суармалы жерлерді дамытудың әлі де 30-ға жуық жобасы бар. Биыл 54,4 мың тонна картоп тұқымы қажет. Аталған көлем фермерлердің қолында бар. Ауа райы жағдайын ескере отырып, биыл картоп отырғызу мамыр айында бас­талды. Картоптың негізгі сорттары – «Латона», «Коломба», «Леди Клэр», «Гала Импала». Облыста «Латон», «Коломба» тұқымдары өндіріледі. Сорттарды жаңарту үшін фермерлер Батыс елдері селекциясының тұқымдарын сатып алады (Германия, Нидерланд), – дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов.

Маманның дерегінше, облыста тұқым бойынша бір ғана оригинатор, 2 элиталық тұқым шаруашылығы, 3 тұ­қым шаруашылығы бар. Биыл картоп тұқымын сатып алғаны үшін төленген субсидиялардың жалпы сомасы 355,6 млн теңгені құраған. Субсидиялар сатып алынған элиталық картоп тұқымдары мен алғашқы репродукция үшін төленеді.

 

Павлодар облысы