• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2025

Бағбандардың базынасы

20 рет
көрсетілді

Саяжайларға дейін қоғамдық көлік қатынай бастағалы бау-бақша десе, ішкен асын жерге қоятын тұрғындар өздеріне тиесілі 6 сотық жерлерін реттеуді қолға алып жатыр. Дегенмен Ертіс бойында жыл өткен сайын кәнігі бағбанбардың қатары азайып барады.

Раиса Богомолова өзіне тиесілі 6 сотық жерде ала жаздай бел жаз­байды. Бақшасында картоп, сә­біз, қияр, қызанақ, құлпынай мен алма егіп қана қоймайды, жүйектерден өрік ағашы мен шабдалы­ны да кездестіруге бола­ды. Ай­туынша, кейбір таныс­та­рының бақшаларында көк­жидек, мүк­жидек, қызыл ырғай, қы­зылжидек те өседі. Бағбан әл­гін­дей өнімдерді жайқалтып отыр­ғандардың еңбегі зор деп біледі.

– Бақшаларда экологиялық жағынан таза көкөністер, жеміс­жидектер өсіріледі. Дәмдік сапасы жағынан алғанда біздің бақшаларда өніп шыққан өнім­дер оңтүстіктен жеткізіліп, сатылып жатқандардан ондаған есе артық. Оның үстіне фермерлер өз егістіктерінде көк­өніс өсіру кезінде арамшөп шығармау мақсатында түрлі гербицид сеуіп тастайтыны да белгілі. Біз гербицид дегенді қолданбаймыз, арамшөпті қол­мен жұламыз, – дейді бағ­бан.

Раиса әжей үшін бау-бақша сапалы азық өнімдерін алатын жер ғана емес, өмірін ұзартуға себеп болатын пайдалы ермек. Көптеген қариялар жүріп-тұрудың қиындап бара жатқа­нына қарамастан, саяжайға келіп еңбектенеді.

Дегенмен бағбандар бау-бақша ұстау жыл өткен сайын қымбатқа түсіп бара жатқа­нын айтады. Тұқымдар мен көшет­тердің, құралдардың бағасы үсті-үстіне өсіп келеді. Саяжай­лардағы тарифтер мен мүшелік жарнаны да ұлғайтып жатыр. Не­гізінен ол кооператив қатысу­шыларының санына байланысты, қазіргі таңда жарнаның мөлшері 6500 теңгеден басталып, 9000 теңгеге дейін жетіп тұр. Кейбір бағбандар бау-бақшасына төнетін қауіпке қарамастан, саяжайды бақылаушылар мен күзетшілер қызметінен бас тартып, мүше­лік жарнаны арзандатуға ұмтыла­тыны да белгілі.

– Ақшаға шаққанда бау-бақ­шамыз өзін ақтамайды. Жол шығынына, жалға төлейміз. Биыл баға тағы көтерілгеніне байланыс­ты көбі бақшаларын тастап кетуге шешім қабылдады. Адамдарға қымбатшылық ұна­ма­са да амалсыздан төлеп, өз жер телімдеріне келеді. Электр жарығына қатысты да мәселе бар. Электр жүйесін тартып беруге 300 мың теңге сұрайды, бұл өте қымбат. Жұмыстан шығып бақшаға келетіндерге суаруға уақыт тапшы. Қараңғыда барлық жүйек пен жеміс ағашын жеріне жеткізіп суару мүмкін емес. Оның үстіне бақшамызға құбыр бойымен ағып келетін су кейде тоқтап қалады. Егер жаз­дың аптап ыстығында су келмей қалса, қаншама уақыт баптаған өнімдеріміз қурап қалуы мүмкін, – деп қынжылады бағбан Гүлжанат Табылдина.

Оның айтуынша, бау-бақша ұстаушыларда тәуекел көп. Қазір өрт қауіпті кезең басталды. Иесіз тұрған саяжайлар өрттің тез таралуына негіз болады. Ондаған жыл бойы өздері еккен көшеттерінің жемісін жеп келе жатқан бағ­бандар оның зардабын тартады. Сол тұрғыда бұл мәселені жергілікті әкімдік өз бақылауына алуы керек деп есептейді зейнеткер. Яғни бос тұрған 6 сотық жерді қала тұрғындарына тегін таратып берсе болар еді. Есесіне билік өрт оқиғаларының алдын алады әрі тұрғындардың өздерін сапалы көкөніспен, жеміс-жидекпен қам­тамасыз етуіне мүмкіндік туады.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бау-бақшалардағы өрт оқиғалары жыл өткен сайын үдеп келе жат­қанын айтады. Кейбір жылдары бір ғана өрт оқиғасы 500-600 жер телімін жайпап өткен оқиғалар кездескен.

– Өткен жылы саяжайларда тіркелген өрттердің барлығы қал­дықты, қурап қалған өсімдік сабақтары мен ағаш бұталарын өртеуден пайда болған. 2024 жылы саяжайлардың 250 телімін­де жану деректері анықталды. Биыл біздің барлық әрекеттеріміз оқыс оқиғалардың алдын алуға ба­ғыт­талып отыр. Қалдық пен қурап қалған өсімдік сабақтарын ар­найы жерлерде өртеу керек, – дей­ді төтенше жағдайлар де­парта­­ментінің бастығы Рустамбек Әмрин.

Құтқарушылар жыл сайын саяжайларды аралап, ережелерді түсіндіретін парақшаларды таратады, рейдтер мен бақылау іс-шараларын жүргізеді.

Бағбандардың бас ауруына айналған тағы бір мәселе – ұрлық. Металдан жасалған заттар, темір қоршаулар, ала жаздай өсірген бақша өнімдері жиі қолды болады. Павлодарлық полицейлер тонаушылармен күресу мақсатында бірнеше жыл бұрын атты патруль қызметін ұйымдастырған. Қазір олардың қарауында 15 ат бар. Арнайы патруль саяжай маусымы басталғалы саяжайларды бақылауға алды.

– Атты патруль бау-бақшаны бақылауға ыңғайлы болып тұр. Автөкөлік жүре алмаған жерден жылқы оңай өтіп кетеді. Полиция қызметкерлері саяжайлар аумағында заңсыз жүргендерді анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдке шығады.  Сондай-ақ құрылыс нысандары, салынып жатып тоқтап қалған немесе иелері тастап кеткен ғимараттар, саяжай телімдері тексерілді, – дейді кавалериялық взвод ко­мандирі Бердібек Даяндах.

Қиындықтарға қарамастан Ертіс-Баян өңіріндегі бау-бақша кооперативтері өз жұмыста­рын жалғастырып жатыр. Зейнет­керлер бағбаншылық ісіне жастар да қызығушылық танытатынын айтады. Дегенмен саяжайға келіп бел жазбай еңбек ететіндердің арасында жастар өте аз. Мысалы, Пав­лодар қаласында тұратын Денис Трофимов жергілікті жылу-электр стансасында жұмыс істейді. Әйелі медицина саласында еңбек етеді. Отбасында бір қыз бала бар. Кейде ата-аналары саяжайға шақырғанда Денис олардың көңілін қалдырмауға тырысады. Бірақ ол 6 сотық жерді сатып алып, көкөніс пен жеміс өсіру ешқашан өзін ақтамайтын, еңбегі еш, тұзы сор жұмыс деп есептейді.

– Меніңше, бау-бақша өсі­ру қаржылық жағынан тиім­ді емес. Көлік отынына, жолға, бақшаны ұстап тұруға шы­ғындану керек. Жұмсаған ақ­шаңды жинаған өніміңнің есе­бінен шығара алмайсың, тіпті шығыны бірнеше есе асып түседі. Оның үстіне бақшаны баптауға көп уақыт жұмсау керек, ал біз сияқты жас отбасыларда уақыт тапшы. Баланы түрлі үйірмелерге, өзге де дамы­татын орталықтарға апару керек. Күн сайын қарбалас тірлік болғандықтан, саяжайға барып еңбектенуді уақыт көтермейді, – дейді Д.Трофимов.

 

Павлодар облысы