Қазақстандағы коммуналдық-тұрмыстық көмір қажеттілігінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ 2024/2025 жылғы жылыту маусымын сәтті аяқтады. Кәсіпорын тұтынушылардан түскен барлық тапсырысты толық орындап, маусым барысында көмір тапшылығы мен негізсіз қарбаластарға жол бермеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шұбаркөл көмір» АҚ қырық жылға жуық көмір өндіріп, сатып келеді. Калориясы жоғары әрі күлділігі төмен болғандықтан шұбаркөл көмірі тек ел аумағында ғана емес, шет елдерде де жоғары сұранысқа ие.
Шұбаркөл көмірі ТМД мен алыс шетелдерге де экспортталады. 2025 жылдың сәуірінде кәсіпорын рекордтық межені бағындырып, шет елдерге 728 мың тоннаға жеткізді.
Өндірілген жалпы көмір көлемінің төрттен бірі Қазақстан ішіндегі коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталады. Өнім еліміздің төрт тарабына түгел жөнелтіледі. Жылыту маусымында (2024 жылдың тамызы мен 2025 жылдың сәуірі аралығында) 2 656 974 тонна көмір жөнелтілді. Бұл ұйымшыл команданың жұмыла атқарған жұмысының жемісі. Әсіресе, тау-кен көлік, теміржол және тау-кен цехтарының жұмысын бөле жарып айтуға болады.
Сергей Кимнің айтуынша компания мемлекеттік органдар, соның ішінде әкімдіктер алдындағы көмір жеткізілімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мен кезек, қатты отын тапшылығын болдырмау міндеттерін түгел орындап шыққан.
«Жылыту маусымын көмірдің жеткілікті мөлшерімен аяқтауымызға байланысты, «Шұбаркөл көмір» АҚ тұтынушылардан қажетті көмірді алдын ала сатып алуларын өтінеді. Бұл қыста, дәстүрлі түрде сұраныс күрт артқан тұста ұзын сонар кезек пен көмір тапшылығын болдырмауға сеп. Әкімдіктерге ерекше екпін түсіріп, қажетті көмір көлеміне тапсырыстарды уақытылы жолдауларын сұраймыз. Бұл қыста үздіксіз жеткізілімдерді қамтамасыз етуге сеп», деді Сергей Ким.
«Шұбаркөл көмір» АҚ тұрғындар мен мекемелерге сапалы өнім жеткізе отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосып келеді.