• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 15:19

«Keden» жүйесінде қойма иелерін реестрге тіркеу жеңілдеді

10 рет
көрсетілді

2025 жылғы 10 ақпаннан бастап заңды тұлғалар уақытша сақтау қоймаларының (УСҚ) реестріне тіркелу үшін «Keden» платформасы арқылы электронды әдіспен өтініш бере алады. Бұл бастама Мемлекеттік кірістер комитетімен байланысты жеңілдетіп, жұмыс барысын жеделдетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен Алматының МКД тауарларды кедендік рәсімдеуді бақылау бөлімінің басшысы Серікжан Ахметжанов хабарлады.

«Кеден» жүйесінің ақпараттық порталы сыртқы экономикалық қатынастарды цифрландыратын маңызды құралға айналып отыр. УСҚ иелерінің реестріне тіркелетін өтінішті электронды түрде беруді міндеттегелі бұл жұмыс едәуір ықшамдалған.

Уақытша сақтау қоймасы – тауар айналымға енгенге дейін немесе басқа да кедендік рәсімдеуге дейін кедендік бақылауда ұсталатын (сақталатын) орын. УСҚ иесінің мәртебесін алу үшін кәсіпорын Мемлекеттік кірістер комитетіне қарайтын тиісті реестрге тіркелуі қажет.

«Бұдан былай «Keden» жүйесін қолданушылар оңай өтініш бере алады.  Ол үшін жеке кабинетке кіріп, электронды әдіспен цифрлы қол қойып, қажетті қызметті таңдап алып, өтініш толтырып, сосын керек құжаттарды тіркесе болды.  Міндетті құжаттарға мыналар кіреді: меншік иесі екенін куәландыратын немесе жалға алғанын дәлелдейтін құжаты, қойманың схемасы мен жоспарын, қарауылы барын, видео бақылауы бар екенін көрсететін құжатты және басқа да техникалық құжаттарын тіркеуі тиіс. Өтінішті берген уақыт мен статусын онлайнда көре аласыз. «Keden» жүйесін енгізудің ең басты артықшылығы – жұмыс барысы ашық болып, құжатты қарайтын уақытты қысқартып, адам ықпалын азайтады. Себебі бәрі автоматты түрде іске асады. Лауазым иесімен бетпе-бет жолықпайтын болғандықтан, бұл жемқорлықтың да жолын кеспек» дейді С. Ахметжанов.

УСҚ иегерінің мәртебесін алған адам тауарын кедендік бақылау жүйесінде сақтап, логистикаға да араласа алады. Бұл, әсіресе, қойма ұстайтын компанияларға, көлік-логистика операторлары мен ірі импортерлерге өте тиімді. Маман, мұндай жаңалық кәсіпкерлерге қолайлы болып, олардың мемлекеттік органдармен  ашық әрі ыңғайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін айтты.