• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 12:25

Ұландықтар тұрғындарды өрттен құтқаруға көмектесті

20 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өртеніп жатқан көпқабатты үйден тұрғындарды эвакуациялауға атсалысты. Бұл жағдай патрульдік қызмет барысында болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұландықтар Әбілхайыр хан көшесінде орналасқан тұрғын үйдің бірінен қою қара түтін шығып жатқанын байқаған. Лейтенант Жасурбек Абдуллаевтың жетекшілігімен әскери жасақ дереу әрекет етіп, өрт сөндіру және медициналық қызмет өкілдерімен бірлесе оқиға орнына жеткен.

Сержант Мәлік Қолғанат пен қатардағы жауынгер Әбдібек Саматтың бастамасымен әскери қызметшілер тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, алғашқы көмек көрсеткен. Сонымен қатар, өрт шыққан аумақ қоршауға алынып, оқиға орнына адамдар мен көліктердің кіруіне шектеу қойылған.

«Қою түтін тұрғын үйдің ішін түгел жауып, арнайы құрал-жабдықсыз ішке кіру мүмкін болмады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарды сыртқа шығарып, бізге тапсырды. Біз оларды қауіпсіз жердегі медицина қызметкерлеріне жеткіздік», деді рота командирінің орынбасары Жасурбек Абдуллаев.

Өрт толық сөндірілгенге дейін әскери қызметшілер оқиға орнында кезекшілік атқарған. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері, өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері бірлескен, жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында жергілікті тұрғындардың өмірін аман сақтап қалды.