Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткенің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігіне назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазіргі жағдай туралы баяндады. АШМ мәліметтері бойынша, шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген. Жұмысқа 443 бірлік бүріккіш техникасы мен 4 625 маман жұмылдырған.
Министрдің мәліметінше, 12 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл және Түркістан облыстарында шегіртке зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады. 1 388,9 мың гектар жер зерттелген оның 396,6 мың гектары өңдеуге жатады. Жалпы 390,8 мың га, оның ішінде Жамбыл облысында – 27,8 мың га, Түркістан облысында – 363,8 мың га өңделген.
Олжас Бектенов қажетті қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз етуді және ведомство мен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
«Айдарбек Сейпілұлы, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, зиянкестерге қарсы сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударыңыз», деді Премьер-министр.