• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:50

Жаһандық өзгерістердің әсері

30 рет
көрсетілді

Еліміздің жетекші ғылыми сарапшылары жаһандық геосая­си өзгерістердің отандық логистикаға әсерін талқылады. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтында өткен дөңгелек үстелде елдің сыртқы және ішкі саясатының теңгерімді дамуы, транзиттік әлеуеті, егемендікті нығайту мәселелері жан-жақты қарастырылды.

«Жаһандану және өңірлену: жаңа геосаяси жағдайдағы Қа­зақ­станның келешегі» тақы­рыбына арналған басқосуға Қол­дан­балы этносаяси зерттеу­лер институтының директоры Талғат Қалиев, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы­ның президенті, «GreenTAL» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы Эмин Аскеров, «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұр­бек Матжани мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ҚХА Ғылыми-сарап­шылық кеңесінің Жас ғалымдар клубының тең төрағасы Олжас Бейсенбаев қатысты. Іс-шара IV Ұлттық құрылтайдың қоры­тын­дыларын талқылау аясында ұйым­дастырылды.

– Жаһандану мен өңірлену бір-біріне қайшы ма, әлде қатар жүретін үдеріс пе? Әуелі осы сұрақтың мән-маңызын айқын­дап алу керек. Өйткені бұл үрдіс тек елімізге экономикалық не саяси тұрғыда ғана емес, ұлттық болмысымызға, жастар­дың құндылық бағдарына тікелей ықпал етеді. Бүгінде біз ашық цифрлы кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Мұндай ортада әр адам түрлі қысымға тап болуы мүмкін, себебі шынайы деректі жалғаннан, фактіні манипуляциядан ажырату қиындап барады. Сондықтан қазір ішкі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау маңызды, – деді Т.Қалиев.

Бұл ойды Н.Матжани да қол­дап, ел алдында ұлттық біре­гей­лікті сақтау, ақпараттық және идеологиялық егемендікті ны­ғайта түсу міндеті тұрғанын, ұзақмерзімді даму стратегия­сын дұрыс құру керек екенін айтты. Ал Олжас Бейсенбаев азаматтардың жаһандық сын-қатерге төтеп беру қабілетін арттыру қажет дейді.

 – Бүгінде халықаралық сая­сат, жаһандық басқару мен әлемдік қатынастар жүйесі тек ғалымдардың емес, мемлекет қайраткерлері, дипломаттар мен жастар көшбасшыларының тікелей қызығушылығын арттырып отыр. Президент Ұлттық құрылтайда атап өткендей, ескі әлемдік тәртіп күйреп жатыр, жаңасы әлі айқын емес. Әлем көпполярлы ғана емес, көпөркениетті сипат алып келеді. Дәл қазіргі сәтте Азияға назар аудару өте маңызды. Азия экономикалық қана емес, зияткерлік орталыққа да айналып жатыр. «McKinsey» бағалауы бойынша, болашақтың ең ірі мегаполистері мен технологиялық көшбасшылары осы құрлықта болады. Сонымен қатар Шығыс халықаралық қатынастарға балама көзқарас ұсынып отыр. Еліміз үшін Шығыс елдерімен стратегиялық әріптестік – тек экономикалық әртараптандыру немесе инфрақұрылымдық даму емес. Бұл – технологиялық, гуманитарлық байланыстарды күшейту, қауіпсіздікке қатысты жаһандық сын-тегеуріндерге жа­уап беру. Зерттеулер жастар­дың ел болашағына сенімі жоғары екенін көрсетіп отыр. Демек жастар – өзгерістің тікелей қатысушысы болуға тиіс. Ол үшін мемлекет тарапынан жаңа тәсілдер қажет: тұлғалық дамы­туға жағдай жасау, икемді дағды­ларды ілгерілету мен жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру қабі­летін арттыру қажет, – деді Олжас Бейсенбаев.

Жиында Э.Аскеров әлеуметтік кәсіпкерлік – елдер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты ны­ғайтатын, жаһандық даму проб­лемаларын шешуге атсалысатын «жұмсақ күштің» құралы бола алатынын жеткізді.

– Қазір біз Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлер ара­сындағы серіктестікті дамытып жатырмыз. Бұл – аймақтық ынтымақтастықты тереңдету­ге бағытталған нақты қадам. Әлеуметтік мәселелерді тек мемлекет шеше алмайды. Бұл жолда белсенді азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік кәсіпкерлердің рөлі өте зор. Қазіргі таңда әлемде 12,5 млн-ға жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Бұл – жаһандық әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жатқан орасан күш. Жыл са­йын әлем бойынша жеке қорлар әлеуметтік жобаларға 200 млрд доллар шамасында қаржы бөледі. Өкінішке қарай, бұл қаражат­тың басым бөлігі Орталық Азияға жетпей қалып жатыр. Біздің міндетіміз – аймақта әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына лайықты экожүйе, мемлекеттік қолдау бар екенін әлемге көрсету және осы салаға инвестициялар тарту, – деді Эмин Аскеров.

Басқосу қорытындысында қатысушылар Ұлттық құрылтай­да айтылған бастамалардың маңы­зын атап өтіп, оларды ел болашағы мен халықаралық беделін нығайтудың маңызды факторлары ретінде бағалады.