• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 12:30

Жасыл энергетика тұрақты өсімді көрсетті

30 рет
көрсетілді

Жаңғыртпалы энергия көздері нысандарында электр қуатын өндіру көлемі ағымдағы жылы 11,4%-ға артты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бірінші тоқсанның қорытындысымен елімізде ЖЭК саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсуі тіркелді. Есепті кезеңнің соңында ЖЭК нысандарының жиынтық белгіленген қуаты 3082,12 МВт-ты, оның ішінде: жел электр станциялары – 1570,05 МВт; күн электр станциялары –1222,61 МВт; шағын су электр станциялары – 287,685 МВт; биоэлектр станциялары – 1,77 МВт-ты құрады.

ЖЭК объектілері өндірген электр энергиясының жалпы көлемі 1961,6 млн кВт-сағатқа жетті, оның ішінде: 1417,19 млн кВт-сағатты жел электр станциялары өндірсе, 373,503 млн кВт-сағат – күн, 170,253 млн кВт-сағ – шағын гидроэлектростанциялар, 0,652 млн кВт-сағ – биоэлектростанциялар есебінен. Осылайша республикамызда электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 5,93%-ға жетті.

Бүгінде еліміз жасыл энергетиканы дамыту жөнінен көшбасшы позицияға ие. Бұл үрдіс былтыр жаңа жұмыс орындарын құру және әлемдік компаниялармен стратегиялық келісімдер жасау арқылы нығая түсті. Бұл экологиялық таза технологиялар көміртегі ізін азайтудың негізгі факторына ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының көзіне де айналып келе жатқанын көрсетеді. Ірі халықаралық компаниялармен маңызды келісімдерге қол қою саланы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай серіктестіктер технологиялық алмасу мен инвестициялар ағынын молайтып, саланы жаңғыртуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Халық арасында шағын көлемді ЖЭК жобаларын ынталандыру туралы заң тұрғындарға жасыл энергияға көшу үдерісіне белсенді қатысуға мүмкіндік беріп, тұрғын үйлерге және басқа да объектілерге күн панельдерін орнатуды егжей-тегжейлі реттеді. Нәтижесінде Қазақстан ЖЭК-ті дамыту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық ұстанымын сақтап, орнықты, экологиялық қауіпсіз болашаққа ұмтылысын жалғастырып келеді. Қабылданған шешімдер елімізді әлемдік энергетикалық аренада салмақты ойыншыға айналдыра отырып, таяу жылдарда дамудың стратегиялық бағытына серпін бермек.