• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 11:21

Елімізде 12-16 мамырда репродуктивті денсаулық апталығы өтеді

20 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында, Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жыныстық қатынасқа ерте түсу салдарлары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында 12-16 мамыр аралығында елімізде репродуктивті денсаулық апталығы өтеді.

Айта кетсек, аталған бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия.

«Бүгінде бұл мәселелерді ашық, ғылыми негізде және кәсіби деңгейде талқылау бұрынғыдан да маңызды. Өткен жылғы тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін өзекті әрі қажетті екенін көрсетті. Сондықтан біз апталықты жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық», деп жазды Аида Балаева.

Министрдің жазуынша, акция аясында халықтың денсаулығын нығайту, адам ағзасына және болашағына саналы көзқарас қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігері біріктіріледі.

Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі кәсіби қауымдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық пікір көшбасшыларын ақпараттық науқанды қолдауға шақырып отыр.

Апта аясында еліміздің барлық өңіріндегі жастар денсаулық орталықтарында және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері, тақырыптық дәрістер, тренингтер, интерактивті сессиялар мен мамандардың қатысуымен онлайн-вебинарлар ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта елімізде 10–29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық және профилактикалық көмек, психологтардан, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерден кеңес алуға мүмкіндік беретін 103 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.