Оқиға 10 мамыр күні Жетісу облысының Кербұлақ ауданында болған. Көксу өзенінен арқан арқылы өтпек болған 1989 жылы туған ер адам өзеннің ортасына келгенде суға құлап кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жоғалған азамат бұрын Отар гарнизонында әскери қызмет атқарған болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл дерек әзірге ресми түрде расталмады. Жетісу облыстық полиция департаменті оқиға бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жоғалған азаматты іздестіруге 98 адам, 22 техника бірлігі, оның ішінде арнайы жүзу құралдары, дрондар және спутниктік байланыс құрылғылары жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздестіру жұмыстары өзен бойымен 35 шақырымға дейінгі аумақта жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары мен ТЖД жоғалған азаматтың отбасына қолдау көрсетіп, іздестіру нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беретіндерін мәлімдеді.