Соғыс пен саясатқа тең араласқан Уинстон Черчилль бірде «Соғыс деген – шын мәнінде өрескел қателіктердің каталогі» депті. Соғыс десе, әлі күнге дейін кеңсірігіміз ашып, жонымыз мұздап, көзіміз жасаурайтыны анық. Ол ненің қайғысы, ненің шер-шемені екені де түсінікті. Даласынан қымыз исі бұрқырап, сай-саласында төрт түлігі шұрқырап жататын халқымыздың да жаһандық ұрыстарға қатысы көп. Қатысы болмай ше? Құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған білекті ұлы мен ізетті қыздары кенеттен соғыс шебіне аттанып кете барды.
Ол шақта әр әке мен шеше жанарында майданға кеткен ұл-қызымыз аман келсе екен деген үміттің білтесін тұтатып, Тәңірінен тілеуді мол тіледі. Қолына қару алып, майданға асығыс аттанып кете барған қаракөздердің бірі де бірегейі – Мәншүк Мәметова. Оқ пен оттың ортасына қаршадайынан түсіп, тағдырдың жазуымен мерт болған батыр қыз туралы мына бір деректі АҚШ Гельман кітапханасынан алып, оқырманға ұсынып отырмыз. 1945 жылғы «International literature» («Әлем әдебиеті») сериясының 3-нөмірінде жарық көрген бұл эссені журналист әрі жазушы, «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Ольга Чечоткина жариялағанын білдік. Төменде оның жазбасын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
«Қазақтар бұрынғы батырларын қалай сипаттайтынын естіп пе едіңіз? Олардың айтуынша, батырлардың кеудесі арыстандай, көзі бүркіттің көзіндей өткір болған, ал шайқаста олар тасқындай тегеурінді келсе, жауынгерлік рухтары – Алатаудың қарлы шыңы секілді. Ендеше, мен жазып отырған мына бір қазақ қызына назар салыңыз. Оның жүзіне биязылық пен мейірім ұя салған, көзінен жылылық пен сүйіспеншілік бірден білінеді. Оған Мәншүк деген нәзік те мейірбан есім берілген. Кейін ол Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Қыз болса да, ол кішкентайынан атқа мініп үйренді. Көктемгі көші-қонда, салқын самал ескен сәтте кейде анасы оны жұмсақ жүннен жасалған қомға отырғызып, кең дала мен биік тауларды көрсетті».
Осыдан кейін жазба авторы Мәншүк Мәметованың бала кезінде көзі жайнап, түнгі оттың сәулесінде әжесінен алты айлық жолды алты қарғып өтетін аңыз тұлпарлар туралы ертегі тыңдағанын тілге тиек етеді. Мәншүктің өзі әлсіз көрінгенімен, шын мәнінде, мықты да дені сау болып өскенін, мектепті тәмамдап, медицина институтына оқуға түскенін, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында жұмыс істегенін жазады. Тіпті оның соғыс даласына қалай аттанғаны, сол сәттегі көңіл күйінің қалай болғанын оқырмандарға тәптіштеп түсіндіреді.
«Мәншүк майданға өз еркімен баруға сұранды. Соғысқа бара жатқанда, тіпті сол майданға бет алған адамдардың жүзінен ол жағдайдың қаншалық ауыр екенін, жүректерді езген қайғыны, көздердегі үрейді көрді. Сөйтіп, Мәншүк ақыры майдан даласына жетті. Ол бірінші рет шайқастың қалай болатынын сезінді. Айналадағы сансыз снарядтың даусы, қапылыста қаза тапқан жанды көрді. Ол жаяу әскер бөлімшесіне санитар ретінде жіберілді. Бірақ оның арманы пулеметші болу еді. Мәншүк ұрыс даласына тез бейімделді. Жаны нәзік қыз болса да, ол қаталдыққа төзе білді. Жаралыларды тасып, дамылсыз еңбек еткендіктен, жауынгерлер оны жақсы көретін.
– Мен пулеметші болғым келеді, – деді ол бірде. – Маған үйретіңіз.
Мәншүк пулеметті қалай қолдану керегін тез меңгерді. Көзін жұмып алып, оқ-дәрі салатын лентаны ауыстыруға жаттықты. Көп өтпей оның арманы орындалып, Мәншүк пулеметші атанды. 1943 жылдың күзі. Мәншүк Калинин майданында шайқасқа қатысты. Ол қаруын қолынан тастамай, өз тәртібі бойынша қолданып, майдан даласындағы өмірін жалғастыра берді.
Мәншүк әрдайым жинақы жүретін, оның шыдамдылығы мен майдандағы қиындықтарды еңсере білу қабілеті жолдастарын тәнті ететін. Мектепте қалай алғыр болса, майдан даласында да Мәншүк бәрінің жақсы көретін серігіне айналды. Оның жайдары күлкісі, өткір қалжыңдары мен жылы сөздері солдаттардың ұрыс даласындағы өміріне жылылық пен үміт сыйлайтын.
Кейде майдан даласындағы үзілісте сарбаздар Мәншүктің маңына жиналатын. Ол серіктеріне алыстағы кең даланы, биік таулардың таза ауасын, Алматының көркем табиғатын еске түсіретін әңгімелер айтып беретін. Соғыста кейде адамдар өлім туралы жиі ойлап, оның шын мағынасын сезіне бастайды. Мәншүк те осындай сәттерде ауыр ойларға берілетін. Ол бірде серіктеріне:
– Қазақ аңызын тыңдағыларыңыз келе ме? – деген ұсыныс айтады. – Сендерге ажалдан қашқан Қорқыт жайындағы аңызды айтып берейін».
Әрі қарай Мәншүк майдан даласында түгел түркінің биік тұлғасы, өлімнен қашқан Қорқыт туралы аңызды қасындағыларға айтып беріп, олардың өлімнен еш қорықпай, керісінше күш үстіне күш қосуына шабыт бергені айтылады. Қайда барса да, тек өлімді, ағаштың қурағанын, шөптің солғанын көрсе де, алғы күннен үміт үзбеген Қорқытты өздеріне үлгі етуге шақырған Мәншүк туралы бұндай дерек бұрын жария болды ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Бірақ оның әр ісінен ерлік пен рухтың, шабыт пен жігердің исі аңқып тұратынын тарих жақсы біледі.
«Сонымен – деді Мәншүк, – Қорқыт тек өзін ойласа, өлім оны жеңер еді. Бірақ ол барлық адамзат туралы ойланды. Сол үшін де ол өлімнен үстем түсті. Ендеше, біз де өз халқымыз үшін күресе береміз.
Мәншүктің жалынды сөзі ғана емес, іс-әрекеті де басқаларға үлгі бола алды. Ол бірінші шайқаста-ақ неміс шебіне атой салып, қарсы келген бір талай жауды әп-сәтте жер жастандырды. Бұл ерлігіне барлық жауынгер алғыс білдірді. Сол бір таң суық атты. Көл үстінде қалың тұман жатты. Ұрыс қызу күйде. Немістер әрбір бұтаға, төбешікке жабысып алғандай, бірінен соң бірі қайта-қайта шапшаң қарсылық көрсетті. Бірақ Мәншүктің пулеметі үнемі оларды шегіндіріп отырды. Түнімен ұйықтамаған Мәншүк қатты шаршаған еді. Бірақ оның ойын «тұтқынға түссек, не боламыз?» деген жалғыз сұрақ мазалады. Бірақ ол ешқашан берілмейтінін білді. Сол сәтте ол жерге етпеттей жата қалды, кенет біреудің жүріп келе жатқанын аңғарды. Бұл неміс офицері еді. Мәншүк оған оқ атты. Бірақ тым кеш болды. Неміс офицері Мәншүкті көріп үлгерді. Ол да оқ жаудырды. Қарсыласқан екі тарап бір-бірін жаралады. Мәншүк қайтадан пулеметке жармасты.
Шайқас түске дейін жалғасты. Жарақаттанғанына қарамастан, Мәншүк пулеметін қолынан тастамады. Ол соңғы күшін сарп етіп, жауға оқ жаудырды. Таңғы тұман мен жасыл дала қанға боялды. Немістер кері шегінді. Серіктері жасыл шөптің арасынан Мәншүктің денесін тапты. Ол майданда көз жұмған еді. Бірақ оның жүзінен тек сабырлылық пен батырлық көрініп тұрды. Егер жолыңыз түсіп, Невель елді мекеніне барсаңыз, сол жерде Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы көше бар екенін білесіз».
Жазба осылай аяқталады. Бұл жазбадағы батыр қыз Мәншүктің майдан даласында Қорқыттың аңызын айтып, айналасына рух беруі оның қандай қайсар да жігерлі екенін білдіреді.