Алдағы 9–14 мамыр аралығында Алматы облысының кең жазирасында халықаралық деңгейдегі рухани һәм спорттық мәні зор шара – «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді. Бұл жолғы аламанның айрықша ерекшелігі – Жеңістің 80 жылдығына арналуы. Дәстүрлі дода биыл ата-бабалар рухына тағзым ретінде ұйымдастырылып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Байрақты бәсеке – батырлық пен баптың, төзім мен тағылымның тоғысқан тұсы. Ерлік пен елдік ұғымын қатар ұстап өткен Бауыржан Момышұлы бастаған қазақ жауынгерлерінің қаһармандық жолына деген құрмет бәйгенің мазмұнын биіктете түседі. Олардың тұлғасы – ұлы даланың еркін перзенттерінің айқын бейнесі.
Тарихи деректерден белгілі, қазақ жылқылары тек күнделікті көлік құралы ғана емес, соғыс пен бейбіт күндегі серігі болған. Батыр Бауыржанның ақбоз аты туралы толғауы – жылқы мен иесінің арасындағы жан дүниелік үндестіктің айғағы.
«Мен атбаптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер мен білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі ақбоз екен», деген батыр сөзі ел жадында.
Сол ақбоздың тұқымы бүгінгі бейбіт күнде де тақымға мінген, тәуелсіздіктің символына айналған тұлпарларға айналды. Алда келе жатқан «Ұлы дала жорығы» осындай жүйріктер мен шабандоздардың төзімін сынайды.
Жалпы ұзақтығы 500 шақырымға жететін марафон-бәйге ең мықты тұлпар мен төзімді шабандозды анықтамақ. Доданың бағыты тарихи һәм табиғи тұрғыдан маңызы зор өлкелерді қамтиды. Жарыс Алматы – Өскемен тас жолындағы Бақанас көпірінен бастау алып, Қонаев қаласының «Қарлығаш» шағын ауданында мәреге жетеді.
Биылғы жарысқа еліміздің 13 командасымен бірге алыс-жақын шет елдерден келген 7 команда – Ресей, Мажарстан, Оңтүстік Африка, Иран, Қырғызстан сынды мемлекеттердің өкілдері қатысады. Бұл бәйгенің халықаралық мәртебесінің биіктігін білдіреді.
Шетелдік меймандар үшін арнайы этноауылдар тігіліп, фотозоналар мен интерактивті мәдени алаңдар жұмыс істемек. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» тек спорттық іс-шара ғана емес, ел мен елді, мәдениет пен тарихты тоғыстыратын ірі халықаралық алаңға айналады.
Доданы «JORYQ» ат спорты федерациясы, Алматы облысының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырса, бастамаға «AMANAT» партиясы мен «Alageum Electric» компаниясы қолдау білдіріп отыр.