• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:30

Шымкентте 49 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

30 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында 2025 жылға дейін жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау бағытында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, биыл 49 567 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған, оның ішінде жыл басынан бері 9 737 адам жұмысқа орналасқан. Бұл еңбек нарығындағы белсенділіктің артқанын білдіреді. Қазіргі таңда қаладағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,5 пайызды құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекеттік қолдаудың бір бағыты – қайтарымсыз гранттар. 2024 жылы 428 азамат өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде, 1 476 800 теңге грант алған. Биыл да 260 азаматқа осындай мүмкіндік берілмек. Алайда, осы грант алған азаматтарға мониторинг жүргізу барасында 2024 жылы 36 азамат грант қаражатын нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағандығы анықталған. Қазір олардың бір бөлігі сотқа берілсе, өзгелерімен қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұл – мемлекеттік қолдаудың ашықтығын бақылауға деген нақты қадам», дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, 2025 жылы 22 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайызға төмендеген, яғни, жұмыспен қамтылған азаматтар саны артқан.

Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК (5 538 теңге) көлемінде жәрдемақы төленіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл көмек 3 682 отбасыдағы 7 135 баланы қамтып отыр.

Дегенмен, мониторинг жұмыстары нәтижесінде АӘК алаушылар арасында да заң бұзушылықтар анықталған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 228 отбасында 381 бала 2022, 2023, 2024 жылдары басқа өңірлерде мектепте немесе бала-бақшада тіркелгендігін анықтаған.

Жанат  Өмірсейітқызының айтуынша, бүгінде ол отбасыларға ақпараттық жүйеде қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, өткен үш жылдың есебі бойынша 84,2 млн теңге қайтаруға жататыны анықталған. Бүгінгі таңда 8,8 млн теңге қаржы қайта есептеу жүйесі арқылы бюджетке қайтарылған.

«Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес «D» және «Е» санатындағы отбасыларды 2025 жылы 10 пайызға, яғни 64 525 отбасыға төмендету жоспары бекітілді. Ақпараттық жүйеде 15 сәуірде бұл санаттағы отбасылар саны 59 293 санын құрады. Жыл соңына дейінгі жоспар 5 232 отбасыға асырып орындалды», дейді басқарма басшысы.

Бүгінде Шымкентте 41 970 мүгедектігі бар азамат тіркелген, оның ішінде 8 099-ы – балалар. Олардың өмір сапасын арттыру үшін 14,7 млрд теңге бағытталған. Қаражатқа оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылы қалада жаңа нысандар іске қосылады. Атап айтқанда, Бозарық шағын ауданында 150 орындық жаңа оңалту орталығы салынып жатыр. Сонымен қатар, психоневрологиялық ауытқуы бар балалар мен жастарға арналған 150 және 50 орындық екі орталық мамыр айының соңына дейін ашылады.