Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобы алаңға Мемлекеттік Ту мен Жеңістің Қызыл Туын алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жеңістің Қызыл Туы – 80 жыл бұрын қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев пен майдангер серігі Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа тіккен қасиетті тудың көшірмесі. Бұл ту – фашизмге қарсы шайқастағы халықтың табандылығы мен ерлігінің символы.
Сұрапыл соғыс жылдарында қазақстандық жауынгерлер майданның алдыңғы шебінде ерлікпен шайқасты. Олардың арасында ерекше ерлік көрсеткендердің бірі – Рақымжан Қошқарбаев. 1945 жылдың 30 сәуірінде ол Берлинде Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен.
Рақымжан Қошқарбаев «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды, ал 1999 жылы 7 мамырда оған Қазақстан Республикасының жоғары наградасы «Халық қаһарманы» атағы берілді.