Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Астана қаласында дәл бүгін – Отан қорғаушы күнінде үлкен ауқымдағы парад ұйымдастырылатыны күн ілгері белгілі болған. Әскери шерудің дайындық барысын тамашалап қайтқан тілшіміз бұл салтанатты іс-шарада Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісінің рәміздерінің біріне айналып, жұлдызы болып жарқыраған «Т-34» танкісінен бастап, бүгінгі заманауи әскери дрондардың да сап түзейтінін біліп қайтқан-ды.
Бүгін Астана төрінде өтетін парадтың басты жаңалықтарының бірі болып отырған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шеруде нақты қай түрі және нешесі ұшып өтетіні туралы Қорғаныс министрлігі ресми мәлімет таратпады. Бәлкім әскери құпия болар.
Дегенмен дайындық барысын көру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз-турына барып-қайтқан тілшіміз қорғаныс саласы өкілдерінен отандық «Шағаланың» ұшып өтетінін анықтай алыпты. Ал түріктің әйгілі «Bayraktar»-ынан тамыр тартып, жетілдіріле түскен «Anka» дроны туралы әзірге нақты ақпаратымыз жоқ. Десе де еліміздің әуе қорғанысы техникаларының қатарында «Anka» дроны бар екені рас.
Жалпы, жаһандағы және өңірдегі қазіргі геосаяси ахуал, әскери қақтығыстар арқаны кеңге салып жата бермей, етек-жеңді жинап, қауіпсіздікті қамдауға барынша мәжбүрлеп отыр. Бұл бұрынғы соғыс дәстүріндегідей жаяу әскер санын емес, техниканың, техника болғанда да бүгінгі озық өнімдерді көптеп жинауды талап етіп отыр. Себебі әріге бармай-ақ іргеміздегі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс техниканың да, соған сай тактиканың да түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында, өзге де маңызды жиындарда Үкіметке армияны жаңғырту ісін шындап қолға алуды үнемі тапсырып келеді.
Биылғы 26 ақпанда өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да армияны жаңғырту және әскери инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қарулы күштерді одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берген-ді. Әрине, сол тапсырмалардың ішінде әскери дрондардың әлеуетін арттыру мәселесі де болғанына еш күмән жоқ. Кейінгі уақытта еліміздің Қарулы күштері ұшқышсыз ұшу аппараттарын өрістетіп келеді. Яғни Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы аясында Қазақстан армиясын жоғары дәлдікті және жоғары технологиялық қару-жарақпен, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықтау басым бағыттардың бірі болып күн тәртібінде тұр.
Оған былтырғы Қазақстан армиясының құрамаларында және әскери бөлімдерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері құрылғаны айғақ. Қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, бүгінде қару-жарақ құрамында барлаушы-соққыш ұшқышсыз ұшу аппараты «Wing Loong» және барлау ұшқышсыз ұшу аппараты «Skylark» бар. Түркияның қазіргі заманғы ұшқышсыз ұшу аппараты «Anka» тәжірибелік әскери сынақтардан сәтті өтіп, қару-жараққа алынды.
Қазіргі таңда сала мамандары ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану бойынша халықаралық тәжірибені белсенді түрде зерттеп жатыр. Жалпы, бұл салада еліміз бауырлас Түркиямен етене байланыс орнатып, әскери әріптестікті нығайтып келеді. Біле білсек, Түркия қазіргі таңда әскери ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру әрі экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы елге айналды. Былтыр екіжақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Түркиядағы Saha EXPO-2024 халықаралық көрмесінде болып, «Baykar Defence» компаниясының бас директоры Халук Байрактармен келіссөз өткізген. Сол сапарда министр Р.Жақсылықовтың еліміздің аумағында жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен барражды оқ-дәрілер өндірісін оқшаулау мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеуді уағдаласып келгені қуантарлық.
Кейінірек, еліміздің әскери делегациясы Ыстанбұл мен Анкараға сапары кезінде әскери «Baykar», «Havelsan», «Aselsan» және «Transvaro» компанияларының зауыттарында, өндірістік шеберханаларында, жобалау бюроларында болып, олардың өндіріп жатқан өнімдерімен толық танысты.
«Corlu» және «Kesan» оқу-сынақ полигонында түрік мамандары «Bayraktar Akici», «Bayraktar TB3», «Bayraktar TB2», «Bayraktar Kalkan» ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және «Mosquito X» барражды оқ-дәрілері өнімдерін практикалық түрде таныстырды. Бұйыртса, бұл әскери техникалар да отандық әуе қорғанысының қатарына қосылып жатса, нұр үстіне нұр болар.
«Aselsan» және «Havelsan» компанияларының кәсіпорындарында қазақстандық сарапшылар жерүсті басқару радарлары, биіктік өлшегіштер, дрондарға қарсы жүйелер, географиялық талдау жүйесі, әртүрлі симулятор мен кешенді жалпыәскери операцияларды имитациялық модельдеу құралдарымен танысты.
Келіссөздер нәтижесінде Қорғаныс министрлігі мен «Baykar» компаниясы арасында жұмыс кездесуінің хаттамасына қол қойылды. Онда түрік тарапының еліміз Қарулы күштеріне «Bayraktar Kalkan», «Bayraktar Mini» ұшқышсыз авиациялық жүйелерін және «Mosquito X» операциялық барражды оқ-дәрілерді әскери сынақтар өткізу үшін тегін беруге ниеттеніп отыр.
Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы құралдар әзірленіп, зерттелуде. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының мамандары ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қару-жарақтың тәжірибелік партиясын жасап, оны қазіргі уақытта тәжірибелік пайдалану кезеңінен өткізіп жатыр. Бұл құрылғылар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күресуге арналған, бұл елдің қорғанысы үшін өте маңызды, өйткені дрондарға қатысты қауіп өсіп келеді.
Еліміз жабдықтар жеткізуді әртараптандыру аясында Батыс компанияларымен де жұмыс істей бастады. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдағы уақытта кедергілер стансаларын және дрондарға қарсы қаруларды сатып алу жоспарланған. Бұл әуе кеңістігін қорғау және дрондарға қарсы күрес мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізбек.
Кейінгі уақытта Қорғаныс министрлігі оқу-әдістемелік жиын аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйесі операторларының да жарысын ұйымдастырып жүр. 1 мамырда өткен жарысқа өңірлік қолбасшылықтар мен әскери оқу орындарының 25 командасы қатысты. Іс-шараны қорытындылаған Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазіргі заманғы ұрыста маңызды артықшылық тудыратын ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану аясы кеңейіп, әскери әмбебап техникаға айналып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ операторлардың кәсіби қасиеттерді жарыс барысында толық көрсете алғандарын атап өтті.
Бұл жарыста лейтенант Сүндетбай Дүйсенбаев (41433 әскери бөлімі), сержант Ілияс Әбілқасов (30217 әскери бөлімі), Құрлық әскерлері әскери институтының жауынгері кіші сержант Роман Смирнов, Ақылбек Тыныштықов сынды операторлар кәсіби әскери екенін көрсете алды.