• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

Көкшеге қазына келді

10 рет
көрсетілді

Көкшетауда Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы мен батыр атындағы музейдің 30 жылдығына және халықаралық музейлер күніне орай тұңғыш рет «Мәңгілік тұлғалар» атты бірінші республикалық тұлғалық музейлер фестивалі өткізілді.

Шахмет  Құсайынов атындағы Ақмола  облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйытқы болуымен өткізілген, рухани реңі өзгеше шараның негізгі мақсаты еліміздегі тұлғалық музейлердің өзара байланысын нығайту, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын, ұлтқа сіңірген еңбегін насихаттау. Іс-шараға Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсариннің, «Жангелдин мұражайлар кешені», Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, Алматы   облысынан Жамбыл Жабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Ақтөбеден Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Ақмола  облысындағы Ілияс Есенберлиннің, Солтүстік Қазақстан облысынан Абылай хан резиденциясынан ұжымдары келді.

–Алаш ардақтыларының есімдерімен аталатын музейлердегі құнды жәдігерлер, тың деректерден жас  толқын мол мағлұмат алып, көкірегіндегі таным көкжиегін кеңейтеді, – деді салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.

Фестиваль-байқаудың ережесіне сәйкес алғашқы айналымда сахналық қойылым көрсетіліп, тұлғалардың образы сомдалса, екінші айналымда ер Мәліктің өмірі мен шығармашылығына қатысты саналуан сұрақтарға жауап берді. Соңғы кезеңде тұлғалық музейлерде  сақталған ең құнды жәдігерлердің тарихы баяндалды.  Фестиваль аясында өткен баспасөз мәслихатында қалам ұстаған қауым еліміздегі музейлердің жұмысына, оның менеджментіне, шалғайдағы шағын ауылдарға жылжымалы көрме апару жайы туралы сұрақтарын қойды. Шынтуайтында көптеген музейлер қалада. Қала балалары рухани азық ала алады, ал, ауылдағы жеткіншектер ше? Міне, осындай маңызды мәселелер көтерілді. Ұлттық болмыс, ар-намыс, адамгершілік қасиеттер анық қылаң берген осындай рухани әлемімізді нұрландыратын әдемі мәдени оқиғалардың жиі болғаны жарасымды. Әйтпесе әлеуметтік желіге жанары байланған  жұрт еліміздің өткенін, ұлт үшін құрбан болған ерлердің қайраткерлігін біле ала ма? Осы жолғы кеште мол мағлұмат айтылды.

Қазылар алқасының шешімімен Алматы облысының М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің филиалы, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі бірінші орынға ие болса, Ақтөбеден келген Әлия Молдағұлова атындағы облыстық музей ұжымы екінші орынға ие болды. Қостанай облысындағы «Жангелдин мұражайлар кешеніне» қарасты Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының музейі үшінші орынға лайық деп танылды. Фестивальге қатысушылардың барлығына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Көкшедегі Кенжебай Мұқышев басшылық ететін Мәлік Ғабдуллин атындағы музей ұжымы мазмұны мол шараны тек қана демеушілердің көмегімен сәтті өткізді. 

Көкшетау