Қазақстанда әскери оқу орындарынан шығарылған бұрынғы курсанттар енді оқуын қайта жалғастыру үшін үйден шықпай-ақ өтініш бере алады. Ол үшін eGov.kz порталы арқылы өтінім беру жеткілікті. Қызмет кемінде бір семестр оқуды аяқтағандарға қолжетімді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұған дейін қалпына келу рәсімі күрделі болатын. Үміткерлерден оқу орнына барып, жеке куәлік, транскрипт, қызмет орнынан мінездеме, фотосурет, әскери билет көшірмесі және басқа да құжаттарды жинау талап етілетін.
Енді процесс жеңілдетіліп, онлайн түрде өтініш беріп, қажетті құжаттардың көпшілігі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде жүктеледі. Оқу орнынан шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде ғана өтініш беруге болатынын айта кету керек. Егер бұл мерзім аяқталса, оқу орнында қалпына келтіру мүмкін болмайды.
Көрсетілетін қызметті алу үшін:
eGov.kz порталында тіркеліп, «Азаматтарға» - «Әскери есепке алу және қауіпсіздік» - «Әскери қызмет» бөліміне өту керек; «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қалпына келтіру» көрсетілетін қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басуы тиіс; Оқу орнын таңдап, оқудан шығарылғаннан бері қанша уақыт өткенін көрсетіп, жеке деректерін пайдалануға келісім беруі тиіс; Тұратын мекенжайын көрсетіп, құжаттарды қосуы тиіс; Қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен өтінішке қол қоюға тиіс; Қызметтің нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.Өтінімді қарау мерзімі 20 жұмыс күнді құрайды. Егер оң шешім қабылданса, нәтиже пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық форматта жіберіледі. Егер қалпына келтіру мүмкін болмаса, студент те дәлелді бас тарту хатын алады.
Айта кетейік, жаңа көрсетілетін қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ және ҚР Қорғаныс министрлігінің ынтымақтастығымен іске қосылды.