• RUB:
    6.39
  • USD:
    518.53
  • EUR:
    588.17
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:40

Алматыда жаңа аудандар жарықтандырылып жатыр

10 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта Алматыда қала құрамына жаңадан енген Алматы облысының аудандарын жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Бұл туралы «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Игорь Мысик айтты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Біз тұрғындар мен аудан әкімдіктерінен жарықсыз отырған учаскелер туралы ақпаратты үздіксіз жинаймыз. Мысалы, Алатау ауданында бірде-бір көшесінде  шамы жоқ Түркістан шағын ауданы бар. Біздің мамандар айналма жолдар жүргізді, сызбалар салды, қажетті материалдың мөлшерін есептеді. Нәтижесінде осы шағын ауданның 7 көшесінде тіректер мен кронштейндермен бірге 90 шам орнатылды», деді Игорь Мысик.

Сонымен қатар, Алматыдағы ірі саябақтарда да жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Армия үйі маңына 11 биік шам тірегі, 22 тротуарға арналған шам және 30 прожектор орнатылып, ғимараттың келбеті айшықтала түсті.

Бұдан бөлек, «Шұғыла» және «Желтоқсан» саябақтарында, сондай-ақ Сейфуллин мен Шолохов көшелерінің қиылысында жерасты кабельдері жаңартылып жатыр. Кіші Алматы өзенінің бойымен (Мақатаевтан Құрманғазы көшесіне дейінгі аралықта) бес шақырымдық кабельдік желіні алмастыру жұмыстары басталды. «Алматы Қала Жарық» бұл жұмыстарды жаз мезгіліне дейін аяқтауды жоспарлап отыр.