• RUB:
    6.39
  • USD:
    518.53
  • EUR:
    588.17
Басты сайтқа өту
Университет Бүгін, 09:55

Ақтөбеде 30 жылдық тарихы бар университет жабылатын болды

70 рет
көрсетілді

Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті (ҚОХУ) 2024–2025 оқу жылының соңында өз қызметін ресми түрде тоқтатады. Елімізде 31 жылдан бері студенттерге білім беріп келе жатқан іргелі оқу орнының жабылуына не себеп болды? Egemen.kz тілшісі мәселенің мән-жайын зерделеп көрді. 

Бұл шешімге студенттердің сабаққа қатысу көрсеткішінің күрт төмендеуі себеп болған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тексерісі барысында анықталған деректерге сәйкес, университетте білім алушылардың 90 пайызы оқу процесіне қатыспаған.

«2024–2025 оқу жылының соңында ҚОХУ білім беру қызметін тоқтататынын хабарлаймыз. Бұл шешім студенттердің сабаққа қатысуының 90%-ға дейін төмендеуі мен ішкі тексеріс нәтижелері негізінде қабылданды. Осыған байланысты, оқу жылы аяқталған соң, басқа жоғары оқу орындарына ресми түрде ауысуларыңызды сұраймыз. 2025–2026 оқу жылынан бастап таңдаған университеттеріңізде оқуларыңызды жалғастыратын боласыздар», делінген университеттің студенттерге жолдаған ресми хабарламасында. 

Бұл ақпаратты университет басшылығы да растап отыр. Білім ордасының өкілдері студенттердің сабаққа қатыспауы ғана емес, оқытушы-профессорлар құрамының жеткіліксіздігі де назарға алынғанын айтып отыр.

«Иә, бұл – шындық. Бірқатар кемшіліктер бірінен соң бірі анықталып, университет иелері жоғарғы оқу орнын жабуға мәжбүр болды. Дегенмен, барлық студенттердің оқуларын басқа университеттерде жалғастыруына мүмкіндік берілген. Ешкім далада қалмайды», деп мәлімдеді оқу орнының басшылығы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Артур Жауханұлының айтуынша, биыл министрлікке университет құрылтайшысынан ресми мәлімдеме келіп түскен.

Мәлімдемеге сәйкес, білім беру қызметінің оқу жылы аяқталған соң тоқтатылып, ары қарай жоғары білімді мамандарды кадрлық даярлау қызметіне шектеу қойылатыны айтылған болатын. Тек қана бірнеше білім беру бағдарламалары тоқтатылғаны болмаса, 2024-2025 оқу жылында аталған университет білім беру қызметін жалғастырды.

«Биылғы жылы наурыз айында бірнеше жүздеген студенттерді оқудан шығарылуына байланысты түрлі мәселелер көтерілген болатын. Сәйкесінше, министрлік тарапынан сәуір айында аталған жоғары оқу орнына мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілді. Нәтижесі бойынша, білімнің сапасына байланысты, студенттердің білім алуына қажетті жағдай жасалу деңгейіне қатысты түрлі сұрақтар пайда болды. Дегенмен, Қазақ-орыс халықаралық университетін лицензиясынан айыру туралы шешім бүгінгі таңда күшіне енген жоқ, яғни, биылғы жылы студенттердің оқуын толықтай аяқтап, қолдарына тиісті дипломдарын алып шығу үшін толық жағдай жасалған. Яғни, 2025 жылғы мамырдағы жағдай бойынша, Қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясы заңды күшінде, оқуды толық аяқтап шығуға, емтихандарды уақытылы тапсыруға толық мүмкіндік бар», дейді Артур Жауханұлы.

Министрлік өкілдері ата-аналармен арнайы кездесу өткізіп, студенттердің басқа оқу орындарына ауысу тәртібі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 42-бабына сәйкес, білім беру қызметі тоқтатылған жағдайда, оқу орны студенттерді екі айдың ішінде өзге жоғары оқу орындарына орналастыруға және барлық құжаттарды мемлекеттік архивке тапсыруға міндетті.

Биыл оқуды аяқтайтын студенттерге диплом мен құжаттарын уақтылы беру де заң аясында қатаң бақыланатын болады. Сонымен қатар, 1, 2 және 3-курс студенттерін көршілес жоғары оқу орындарына ауыстыру мәселесі де шешімін табады.

Айта кетейік, ҚОХУ биылғы сәуірде үлкен дауға іліккен болатын. Университет 350 студентті оқу ақысын төлемегені және жүйелі түрде сабаққа қатыспағаны үшін оқудан шығарған. Бұл жағдай студенттердің наразылығын тудырған.

Оқиғаға байланысты министрлік комиссиясы оқу орнына арнайы барып, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, студенттердің оқудан шығарылуы заңсыз деп танылған.

Ақтөбе Қазақ-орыс университеті 1994 жылы Темірхан Бердімуратовтың бастамасымен құрылған жеке меншік жоғары оқу орны.