• RUB:
    6.39
  • USD:
    518.53
  • EUR:
    588.17
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 17:50

Астанада шыбын-шіркейге қарсы күрес қалай жүріп жатыр

20 рет
көрсетілді

Елордада күн райы жылынуына байланысты ұшатын жәндіктерге қарсы күрес күшейген. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, дезинсекциялық жұмыстар сәуір-қазан аралығында 6 тур бойынша жүргізіледі, деп жазады Egemen.kz.

Осы бағыттағы жұмысқа 100-ге жуық адам, арнайы көлік, термогенераторлар жұмылдырылады.Ай сайын саябақтар, гүлзарлар, көшелер, тұрғын алаптар, өзендер мен каналдардың жағалауы, сондай-ақ 120-дан астам тұрақты және 100-ден астам уақытша су айдындары өңделеді.

23 сәуірден бастап бірінші тур бойынша өңдеу басталған. Бұл жұмыс барысында кіші Талдыкөл, таяз су айдындары мен батпақты учаскелер, сондай-ақ айналма жол бойындағы және т.б. орындарды қоса алғанда 500 гектар аумақ өңделген.

28 сәуірде Тұран-Сығанақ-Түркістан-Достық-Тұран аумағын, Тәшенов көшесі бойымен Ақбұлаққа қарай Амман көшесіне дейінгі бағытты есепке алғанда, саябақтар, қала орталығының ашық станцияларын өңдеу басталған.

«Дернәсіл сатысында су қоймаларындағы фауна мен флораға зиян келтірмейтін биологиялық препараттар қолданылады. Жеке сектор (тұрғын алаптар) және ашық аумақтар (саябақ, өзендер, су айдындары, каналдар, зираттар) өңдеу аймағы болып есептеледі.

Жеке сектор тұрғындарына арнайы уландыру дәрілері тегін таратылады, сондай-ақ қауіпсіздік нұсқамасы беріледі», делінген әкімдік хабарламасында.

Мамандар 14-30 сәуір аралығында 30 мыңға жуық үйді аралап шыққан.

1 мамырдан 1 маусымға дейін 3 264 гектар аумақтағы саябақтарды, өзен маңын, су айдындарын, каналдар мен зираттарды қоса алғанда, ашық стацияларды өңдеу жоспарланып отыр.