Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы - APLO-2025 байқауында қазақстандық оқушылар 5 медаль және 3 Құрмет грамотасын жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасына Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд елдерінен 500-ге жуық оқушы бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанып, алтын медаль еншіледі. Сондай-ақ білім бәйгесінде Самир Сарбасов - 12 сынып, НЗМ, Астана қаласы, Тимур Кантаев - 11 сынып, «Арыстан» мамандандырылған мектебі, Алматы қаласы, Зере Серікова - 11 сынып, №9 «Зерде» мектебі, Астана қаласы, Темірлан Сейтбаттал - 11 сынып, БИЛ, Ақмола облысының оқушылары жүлдегерлер тұғырынан табылды.
Ал Ислам Сипатталов - 10 сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы, Шыңғыс Қарасаев - 11 сынып, НЗМ, Орал қаласы, Арон Хасанов -11 сынып, БИЛ, Атырау қаласының оқушылары Құрмет грамотасымен марапатталды.
Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиадаға білім алушыларды лингвистика және география пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпазы, Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің 2-курс студенті Аида Давлетова дайындаған.
Айта кетейік, бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға мүмкіндік береді.