Бұл республика көлемінде білім беру саласын жаңа нысандармен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Соңғы төрт айда тек мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде 126 нысан балалар игілігіне беріліп, соның нәтижесінде 8,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған 4100 кеңес беру пункттері де жаңа ғимаратта жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz. Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәлімдеуінше өңірлерде 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңа форматтағы үш мектеп ашылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 23 мектепте ғимарат қасбеттерін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, су және электр жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін ұлттық реновация бағдарламасы аясында 1 231 мектеп жаңартылады деп жоспарланған.
Ерекше балалардың толыққанды білім алуын қамтамасыз ету негізінде инклюзивті және арнайы білім беру саласында да үш жаңа мекеме пайдалануға берілді. Соның ішінде Ұлытау облысында аутизм орталығы іске қосылуына орай арнайы мекемелер саны 496-дан 504-ке жетті. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер жанынан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 121 қолдау кабинеті ашылды. Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің 90 пайызы инклюзивті білім беруге қажетті жағдайлармен жабдықталған.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ашылған алты қосымша білім беру нысаны ірі жобалар қатарына жатады.
Маусым айында Ақтөбе және Жетісу облыстарында екі заманауи балаларды сауықтыру орталығы іске қосылады.