Атырау облысындағы «Мұқыр – Құлсары» автожолының бір бөлігінде топырақты тұрақтандыратын «QSmart-S» қоспасын қолдану басталды. Құм бөлшектерін тұрақты әрі тығыз шөгінді құрылымға айналдыратын жаңа «QSmart-K» катализаторы жерасты суларымен құмның шайылып кетуіне жол бермейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚазжолҒЗИ» (Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты) ғалымдарының инновациялық әзірлемесі әлсіз әрі тұрақсыз топырақты нығайтуға арналған. Сондай-ақ, жол жамылғысының деформациясы мен шөгуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сынақ барысында Институт ғалымдары үш ай бойы телім топырағын зерттеп, барлық қажетті химиялық талдаулар мен зертханалық іс жүргізген.
Бұған дейін бұл қоспа еліміздің әртүрлі климаттық аймақтарында орналасқан екі пилоттық нысанда сынақтан сәтті өтіп, өз тиімділігін дәлелдеген. Институт мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта қоспаларды унификациялау саясаты жүзеге асырылып жатыр. Әрбір құрам нақты бір топырақ түрі мен аймақтың ерекшеліктеріне бейімделіп, жетілдендірілуі қажет.
«Жұмыс жаңа материалдарды қолдануға арналған пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатыр. Атырау облысындағы топырақтың түрлері аралас болып келеді. Олардың қатарында сортаң, саздақ және құмдақ кездесетінін ескере отырып, қоспаны қолданбас бұрын Институт ғалымдары үш ай бойы телім топырағын зерттеп, барлық қажетті химиялық талдаулар мен зертханалық сынақтарды жүргізді. «QSmart-S» қоспасын қолдану барысында нормативтердің, технологияның және сапаның сақталуын қамтамасыз ету үшін учаскеде біздің өкіліміз тұрақты түрде бақылау жүргізіп отыр», деді «ҚазжолҒЗИ»-дың жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиева.
Қоспа оннан астам өнімді қамтитын «QSmart» желісіндегі отандық ғылыми әзірлемелер сериясына кіреді. Олардың қатарында құм бөлшектерін тұрақты әрі тығыз шөгінді құрылымға айналдыратын жаңа «QSmart-K» катализаторы да бар. Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология елімізде баламасы жоқ және топырақты пайдалану кезінде жерасты суларымен құмның шайылып кетуін болдырмай, негізгі төсем шөгуінің алдын алады.