Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазіргі таңда мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі (ЖІӨ) үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекет тек әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық секторларда ғана қатысатын болады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров өз кезегінде бәсекелестікті шектейтін тосқауылдарды жоюға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет берді.
Отырыс қорытындысында 475 кәсіпкерлік субъектіні жекешелендіруге, біріктіруге немесе таратылуға жататын нысандар тізімі бекітілген. Бұл жұмыс 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, ал кәсіпорындардың басым бөлігі 2025–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген.
Олжас Бектенов қабылданған Жарлықтың уақытында орындалуы қажет екенін баса айтып, жұмыстардың үнемі бақылауда болатынын атап өтті.