Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы мектептерге қатысты тараған шағымдарға орай пікір білдірді. Шағымда оқушылар өз құқықтарының бұзылып жатқанын және мектеп асханаларында санитарлық талаптардың сақталмайтынын айтқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Оқушылардан келіп түскен Алматы облысындағы жағдайға қатысты шағым назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Бұл оқушылардың құқықтарының бұзылуы мен мектептегі тамақтану қызметінде санитарлық талаптардың сақталмауы сияқты маңызды мәселелерді көтереді. Мұндай жағдайлар жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамай отырғанын көрсетеді», деп жазды Ғани Бейсембаев Facebook парақшасында.
Ғани Бейсембаевтың мәліметінше, балалардың құқықтарын қорғау мақсатында министрлік үш негізгі заңға 94 түзету енгізген. Өткен жылы білім беру ұйымдарын тексеру нәтижесінде 24 жағдайда басшылар әкімшілік жауапкершілікке, ал 78 жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Аталған жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», деді министр.Сонымен қатар министр Алматы облысының басшылығынан бұл жағдайды жан-жақты қарап, мұндай келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауды күтетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Алматы облысының жеті ауданында жүргізілген анонимді сауалнама нәтижелерімен бөлісіп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлаған еді.