«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы 1 мамырдан бастап «Желаяқ» толықметрлі анимациялық фильмін прокатқа шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Желаяқ» – шытырман оқиғаға толы, қиял-ғажайыпқа құрылған анимациялық туынды. Фильмнің басты кейіпкері – ерекше қабілетке ие 6 жастағы Әлем. Әлемнің бар қабілетін иемденгісі келген Мыстан есімді зұлым оған қарсы шығады. Осы сәттен бастап Әлем бойындағы ерекше күшпен қоғамды зұлымдықтан, қауіп-қатерден қорғауға бел буады», делінген арна хабарламасында.
«Желаяқ» жобасының идеясы өмірлік құндылықтарды жеткізуді көздейді. Бұл мультфильмде жақсылық пен зұлымдықтың арасындағы күрес, ізгілік пен адалдықтың жеңісі, шынайы батылдық бейнеленген.
Жобадағы ғылыми фантастика элементтері балалардың қиялын дамытуға көмектеседі.
«Желаяқ» – қазақ мифологиясындағы оқиғалардың заманға сай бейімделуі»деді жобаның шығармашылық тобы.
Анимациялық фильм еліміздің барлық қалаларындағы кинотеатрлар желісінде 1 мамырдан бастап көрсетіледі.