Бүгінгі жастар – ел болашағының кепілі. Етікпен су кешер күн туса, ел қорғауға әуелі жастар кірісетіні анық. Әрине, ондай күннің болмағаны жақсы. Дегенмен, әр ер-азамат ел қорғауға әрдайым дайын болғаны жөн. Жүрегі «Отан» деп соғатын сондай жастардың бірі – лейтенант Қасымжомарт Рахымжан.
Ол – ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Арнайы және әскери тасымалдар орталығының офицері. Оның өмір жолы – Отанға қызмет етуді мамандықтан жоғары қойған жас офицердің тағдыр жолы.
Әскери қызметшілер отбасында дүниеге келіп, балалық шағын Сарыөзек гарнизонындағы әскери қалашықта өткізді. Қатар-қатар тізілген казармалар мен сап алаңдары оның азаматтық бейнесін қалыптастырды. Гарнизон тұрғындарының татулығы, бір-біріне деген қолдауы, ортақ қуаныш пен қиындықты бірге еңсеруі оның жадында терең із қалдырды. Достарының дені – офицер балалары еді. Бала күнінен тәртіпке бағынып, жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына сіңірді.
Күн тәртібімен өмір сүріп, спортпен айналысу, үй ішіндегі реттілік пен қарындасына қамқорлық таныту – оның күнделікті әдетіне айналды. «Болам деген баланың он бесінде басы пісер» дегендей, ата-анасының қызметтегі уақыты көп болғандықтан, ол ерте есейіп, өмірлік дағдыларды ерте меңгерді.
15 жасында ол болашағы туралы байыппен ойлана бастаған. Сол кезде әскери бағыттағы арнайы оқу орны – «Арыстан» лицейі туралы естіп, арманына айналды. Ашық есік күні лицейге барған Қасымжомарт тәртіп пен білім үйлескен ерекше ортадан айрықша әсер алды. Архитектурасы, орналасуы, әскери тәртіп пен оқыту сапасы оны жігерлендірді.
«Арыстанға түсу оңай болған жоқ. Мұнда біліммен қатар, ішкі тәртіп, төзімділік пен моральдық дайындық бағаланды. Генерал-майор С.С.Таулановтың жетекшілігімен біз білім ғана алмай, тұлға ретінде де қалыптастық. Осы жерде жақсылық пен жамандықты айыруды, ар-намыс пен достықты бағалауды, үлкенге құрмет пен ұстанымға адал болуды үйрендім», дейді ол.
«Арыстанды» бітірген соң, Қасымжомарт Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.В.Хрулёв атындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясының Әскери қатынас және теміржол әскері институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломмен тәмамдады. Бұл жетістік оның білімге, тәртіпке, кәсіби дайындыққа деген жоғары талаптарының көрінісі болды.
Туған еліне оралғаннан кейін ол Астана қаласына жолдамамен келіп, Ұлттық ұлан сапында қызмет атқара бастады. Бүгінде ол – қызметіне шынайы адал жас офицер. Әскери формасын мақтанышпен киіп, әр күнін ел тыныштығы жолындағы міндетіне арнайды.
«Ұлттық ұлан – жауынгерлік жанұя. Мұнда жас офицерлерді қызметтің қыр-сырына баулиды. Әсіресе, жауынгерлік қызмет Бас басқармасында ішкі қолдауды анық сезінесің. Әріптестеріме және басшылыққа алғысым шексіз», дейді лейтенант Қасымжомарт.
Бүгінде оның ең жақын достары – «Арыстан» лицейіндегі сыныптастары. Жылдар мен сынақтардан өткен сол достық – нағыз бауырластыққа айналған.
Қасымжомарт Рахымжан өз орнын тапқанына сенімді. Қатардағы әрбір күні – таңдаған жолына деген адалдығының айғағы. Ол отбасына, ұстаздарына, тәрбиелеген командирлеріне шын жүректен алғыс білдіреді.
Оның ісі – қызмет ету, мақсаты – қорғаушы болу, болашағы – парызға деген адалдықта тұр. Қасымжомарт секілді жас әрі білімді офицерлер көп болса, еліміздің іргесі берік, көк туымыз мәңгі желбірері анық.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын!
Дарын Сейітов,
подполковник